Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  193


Автор: Айсырға Қилыбаева

ӨНЕРГЕ ДЕ, ӨЛЕҢГЕ ДЕ КЕҢ ЕЛМІЗ

Қорғайды салт-дәстүрін қазағының,
Сүйгендер дін мен тілдің тазалығын.
Қаймағы төгіледі тасығанда,
Қақпағын лақтырып қазанының.
Ұқтырып ұлттық сана, парасатын,
Халқының жай-күйімен санасатын;
Тәуелсіз бір ұйым бар Маңғыстауда,
Қолдайтын Тәуелсіздік саясатын.
Қамқор боп жол сілтеген болашаққа,
Риза ел жаңа қоғам – «Парасатқа».
Ағайын керегеңді кеңірек жай,
Қазақтың шаңырағын аласартпа!
Күн кешіп әруақтай тозақтағы,
Халқымды талай нәубет азаптады.
Тілейміз: енді туған топыраққа
Бір тамшы төгілмесін қазақ қаны!
Ашылды алдарыңа сахнамыз,
Сіздерді көп қызыққа батырамыз.
Ақын бар, күйші, биші, әншілер бар,
Өнерін көрсетуге шақырамыз.
Сан түлек қанат қаққан Маңғыстаудан,
Жеріміз құт, береке, алғыс жауған.
Кешегі «Жеті қайқы» жәдігері –
Бүгінгі қайқылармен таныстырам:
1
Көрген ол таршылықты, тапшылықты,
Жыр қуып, он үш жастан аты шықты.
Сүгірден батиха алған төкпе жырау –
Қарсы алың Елеусінов Жақсылықты!
(Арнау жырын орындайды).
2
Күй төккен өнер қуып бала жастан,
«Адайды» арындатып, «Кісен ашқан»;
Мұраттың әруағын тірілтеді
Мырзағұл күмбірлеткен «Қазақстан»!
(Күй тартылады).
3
Дүбірлі тұяқтардан шабыс көрген,
Сіздерді таныстырам сайыскермен.
Қол соғып қарсы алыңдар, алқа топтың
Жүйрігі – арқалы ақын Уәйіс деген!
(Жыр оқылады).
4
Шежіре, білгің келсе тарихты,
Атағын іздену мен жыр танытты.
Маңғыстау даласының Марғұланы –
Бұл күнде кім білмейді Шыртановты?!
(Түменнің «Маңғыстау» толғауы).
5
Саналы бар ғұмыры түбекте өтті,
Адайлар бұл ақынды жүректі етті.
Қазаққа аты мәлім белгілі ақын –
Тыңдайық Темірханын Медетбектің!
(«Маңғыстауым» өлеңін оқиды).
6
Қырандар биіктерге ұмтылады,
Елімнің көп қой ақын, біртуары.
Бірнеше жыр кітабы жарық көрген
Бейнеудің Өтегенов Айтуары.
(«Ақсұқсыр» поэмасынан үзінді оқылады).
7
Белгілі нәзік сырлы әні бары,
Бард әнші Маңғыстауда танымалы.
Ағытқан омырауын қырық жастың
Кәдімгі Аралбайдың Данияры.
(«Ақтауым» әнін орындайды).
8
Отырған арамызда көрік болып,
Көрмеген желөкпе боп, желік қуып;
Келеді ақын Гүлнәр өміріне
Әдеби түрлі жанр серік қылып.
(Өлеңін оқиды).
9
Сәбидей жүрегі бар, жылы жүрек,
Бастайтын жиын-тойды жыр-термелеп;
Байқаудың талай дүркін чемпионы,
Айтыскер Әзірбайдың орны бөлек.
(«Тырналар» әнін орындайды).
10
Шығыпты Маңғыстаудан талай дарын,
Ашатын өнер менен жырдың бағын;
Боталап қара көзі, жыр оқиды
Әріпов Бейсембіұлы ақын Ғалым.
(Өлеңін оқиды).
11
Жұмыр сөзі талай таңдай қақтырды,
«Ептілердің» жолын тұсап, «мат» қылды,
Қарапайым Қожахмет-дударбас –
«Тамаша» әзіл отауының авторы.
(Әзіл өлең оқылады).
12
Аумайтын өзбектен де, қазақтан да,
Денесін сүйексіз қып жаратқан ба?!
Билейді мың бұралып сахнада,
Қошамет көрсетіңдер Жамалханға!
(Би «Қамажай» ).
Бізде бәрі ән мен күйден жаралған,
Мен жырыма сол өнерден нәр алғам.
Ән арқылы ұрпақтарға жетеді
Қуаныш та, реніш те, бар арман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу