Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  340


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚОШ КЕЛДІҢ!

(Жақсылық Жанғазиевтың 60 жасына арнау)
Бір класта оқыдық, бір түледік,
Бір-бір үйдің еркесі, тентегі едік.
Содан бері өтіпті-ау 41 жыл,
Өткен күнді айтамыз ертегі етіп.
Қырандарды күн көзі жасқамаған,
Таушықта оқып, өмірге бастау алған;
Күретамыр қазығың – Маңғыстауға
Жанғазиев, қош келдің Астанадан!
Арды жықпай 60 жыл ғұмырыңда,
Тұрсың биік көк байрақ тұғырыңда.
Тамырыңа нәр берген әулиелі
Туған жердің салмағы – иығыңда.
Бұл Маңғыстау – тарихы жатқан аңыз.
Каспий шайған етегін ақ қаламыз.
Ұлы рухтар жайлаған кең өлкенің
Жақсыларын көргенде мақтанамыз.
Көз алартып Маңғыстау мұнайына,
Нардың тышқан ойнап жүр құлағында.
Өз перзентін өзіне өгей етті,
Елі түгіл ұмытқан Құдайын да.
Маңғыстаудың сен де – бір ардағысың,
Орындалсын ойға алған алдағы ісің!
Жалпылдаған қарға емес, торғай емес,
Қанат біткен қыранға самғау үшін.
Ел ырысы далаға төгілмесін,
Ұры-қары май жинап, семірмесін.
Аламанда топ жарған шабандоздар
Қамыт киіп, арбаға жегілмесін!
Аршыл жігіт қашанда тегін ойлар,
Арсыз жігіт құл болып, өзін қорлар.
Бастағанның артынан шұбырады
Бас қатырмай жайылып жүрген қойлар.
Қазіргі бар қазақтың танысысың,
Мұнайлы бір өлкенің арысысың.
Қайралған Ерсарының қайрағына
Шабай мен Досандардың намысысың.
Жас едік албырт көңіл арындаған,
Асаудай ащы тері алынбаған.
Ол кезде білімдіні ұлық көрдік,
Ал қазір көк темірге табынды адам.
Алыстап кетті бізден бабаларым,
Көбейді көктен түскен жамағайын.
360 әулие қорған болсын,
Саулығыңды тілеп жүр бар Адайың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу