Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  112


Автор: Айсырға Қилыбаева

ФАРИЗАҒА

Кім десем екен?!
Күн десем бе екен әлемді нұрға бөлеген,
Гүл десем бе екен жалын мен оттан түлеген?!
Екпінін басып елірген марғау еркектің,
Қаншама қыздың жұлдызын жақты өнегең.
Ақ қайың десем көктемі мәңгі көшпейтін,
Құнарсыз жерге тамыры бойлап өспейтін.
Сезімге жанып, қайнаған қанын шыңдаған,
Жұмбағың тылсым бақылдақ бастар шешпейтін.
Ер-тұрман сайлап, ақбозға мінген тұлғасың,
Ырғақты заман, толғақты адам – сырласың.
Өр мінез ақын болмауға, сірә, хақың жоқ,
Махамбет кешкен топыраққа аунап, туғасын.
Екі ғасырдың көтеріп бірдей салмағын,
Қауырсын-жыр боп сан көкіректе қауладың.
Келесің, апа, көкірегіңе тоғытып,
Бақыттылар мен бақытсыздардың арманын.
Өлеңге ғашық жүрегің болып опалы
Келеді, артта жол жатыр 70 жоталы.
Қазақтың қызы – өлеңнің жарық жұлдызын
Мақтаныш етіп келеді туған Отаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу