Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  301


Автор: Айсырға Қилыбаева

50 ЖАСҚА СӘЛЕМ

Зердеге біткен дүние
Қайғы ма, сор ма – бәрібір.
Қадесі болып халқыңның,
Салмағын басар алтының,
Тағдырдың тастай заңы бұл.
Қабат та-қабат астарын
Жұлдызбен басқан аспаным.
Өзіңмен талай сырласып,
Қырықты артқа тастадым.
Мен бүгін елу жастамын!
Көктемді көрдім гүлдеген,
Оранған жасыл бүлдемен.
Жазды да көрдім жайнаған,
Әуені жанды баураған,
Бұлбұлы таңда сайраған.
Біреудің аңдып басқанын,
Қойнына тығып тастарын;
Сыртынан сыбап, көрінбей,
Қоянның көрдім қашқанын,
Мен бүгін елу жастамын!
Алланың көрдім жазғанын,
Жақсының көрдім азғанын.
Түтін боп кейде тұншығып,
Сөніп те кете жаздадым,
Алаулап, қайта маздадым.
Кеудемде шырқап асқақ үн,
Күйсандық кілтін ашқанмын.
Күн менен түні зырылдап,
Уақыт өтті қас-қағым.
Мен бүгін елу жастамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу