Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  81


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖЫР-БАБАМ, АСЫЛ КЕНІШІМ

Әруақты бабам Қашаған,
Мәрмәрдан сөзін қашаған.
Санамда шаттық оянып,
Шын жүрегіммен қуанып,
Тойыңа шашу шаша алам.
Шапшытып жалын шашпаған,
Заманың өтті жасқаған.
Түндігін тойдың желпіп тұр,
Күмбірлеп күй мен асқақ ән.
Тар жерде жатпай бүгіліп,
Бойыңды жазшы керіліп.
Жаныңа жайлы құт болсын
Күмбезді мынау баспанаң.
Биіктей түссін, о, халқым,
Мерейі үстем бастамаң!
Адуын жырдың пірісің,
Туыпсың, бабам, ел үшін.
Екі дәуірдің арасын
Жатырған жалғап желісің.
Шабандоз жырдың пырағы,
Жыр-бабам, асыл кенішім!
Нөсердей жыры қаптаған,
Жыр-бабам үшін мақтанам.
Айдаһар айбат шексе де,
Арғымақ басын тартпаған.
Талайлар қалды мерт болып,
Әруағыңнан аттаған.
Қашаған жырын қалқытып,
Халқының көңілін шалқытып;
Тербеліп жатыр Маңғыстау –
Кеудесін күнге қақтаған..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу