Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  64


Автор: Айсырға Қилыбаева

Аспан ашық, мөлдіреген ай мұңды...

Аспан ашық, мөлдіреген ай мұңды,
Еміп менің жатырғандай қайғымды.
Жүрек сорлы қасіреттен тілініп,
Тасқа соғып, маңдайым да шағылды.
Қалтырайды көк аспанда көп шырақ,
Пәк жүректің ауыр дертін топшылап.
Тоңды сезім, тоңды жүрек, тоңды үміт,
Көкіректе – жауабы жоқ көп сұрақ.
Шуақты күн қуанышты, ғайып түн,
Арманым ба, тағдырым ба, айып кім?!
Ешбір емші жаза алмаған дертімнен
Жылдар жылжып, әрең-әрең айықтым.
Домбырадан төгілгенде күй құлап,
Жан-жүйені оятады жұлқылап.
Ойлағанда кешегің мен бүгінді,
Сай-сүйегің шытынайды сырқырап.
Ойым тұнып, мұңын жиып баршаның,
Арманыма бөгет болды қарсы ағын.
Жынды ырғақ күндіз-түні жұлмалап,
Мазалады, жазалады.
Шаршадым.
Бір ауыл бар қыстап қалып, көшпеген,
Шырағы тұр жыпылықтап, өшпеген.
«Батыс, шығыс желі соғып іргеден,
Сөндірер, - деп, - сол шырақты» сескенем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу