Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  154


Автор: Айсырға Қилыбаева

КӨК ТҮРІК – АТА ТЕГІМІЗ

Тас кітапта қалдырған дастаны бар,
Отырардан әрірек жастағылар
«Жаңбыр шайып, жел үгіп кетпесін» деп,
Балбал тасқа тарихын басқан олар.
Тарихтың тарқатып бұрауларын,
Көшкен елден, тау-тастан сыр ауладым.
Шежіреші Геродот абыз айтқан,
Дауылпазы даланың – жырауларым.
Ерліктер бар тарих қойнауында,
Көк түріктің қаны бар бойларында.
Құрбандыққа шалынып батыр өткен,
Елін дауға бермеген, жерін жауға.
Көшпелі ел – түп тегім бастау алған,
Тағылығын бөрілер тастамаған.
Ел қорғаған жүректі батырлардың
Жау қылышы жүрегін жасқамаған.
Топырақтан тәніміз жаратылған,
Көк Тәңірден жанымыз дара туған.
Көк семсерлі көк түрік – арғы тегім,
Тоныкөк, Күлтегіннен таратылған.
Елтеріс, Қапаған мен Білге қаған
Үйренген Тоныкөктей ғұламадан.
Ұлылық ұялаған от басына,
Әкеліп Күлтегінді Ұмай анам.
Намысын кек суарып, жарқыратқан,
Екпіні жаудың шебін қақыратқан.
Көк түріктің Күлтегін – көк семсері
Он жасында қол бастап, жауға шапқан.
Ел мүддесін қолдайтын рухы өктем,
Батыр қанын, ақыны жырын төккен.
Бастау алған ержүрек бабаларым
Түп атасы – Күлтегін, Тоныкөктен.
Бейбарыс – өзі сұлтан, өзі батыр,
Тарихта елге аманат сөзі жатыр.
Екі-үш ғасыр билеген қыпшақтардың
Египетте сайраған ізі жатыр.
Заман бетін ашады тұлғасымен,
Тау аспанды тірейді шың басымен.
Ашылады келбеті адамзаттың,
Өз бояуы, өзіндік таңбасымен.
Бабаларым от көсеп, жалын құсқан,
Келер күннің жарығын бізге тосқан.
Самұрықтың суылы естілгендей,
Күн астында қанатын жайып ұшқан.
Өз ұрпағын ұлылар ұлықтайды,
Шыбын-шіркей бойына жуытпайды.
Ұя салар қырандар шың басына,
Кеміргіштер жерінде ұйықтайды.
Замананың өткенде көп белесі,
Қоныстанған Алаштың шеткерісі;
Манғыстаудың қазағы тағы мінез,
Көп емізген аналық – Көк бөрісі.
Анамыздың бар бізде бөрілігі,
Пайғамбардан бар пейіл ірілігі.
Отқа күйіп, желге ұшып, суға батпас
Суын жылқы тағдырлас тірлігі.
Арқар мүйіз, алдаспан батыр өткен,
Пақыр да өткен, арқалы ақын да өткен.
Мәмбетнияз, белгілі Қожаназар,
Саламаттың Сарбасы – сақи да өткен
Адай жайлы әр жерде ертегі бар,
Жүгіреді қанында Күлтегін-ар.
Маңдайшаға соғарсың маңдайыңды
Кірмес бұрын есікке еңкейіп ал!
Тарихы бар ғасырлар тұнбасындай,
Туған далам – бабамның мұрасындай.
Қаратаудың басында бұлт көшіп жүр,
Желдеп кеткен бураның шудасындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу