Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  423


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ЖАН ДАУЫСЫ

I
ЖЕР – АНА:
Дүниенің дүбіріне
Құлақ түрмей тұрмас ақын.
Оу, адамдар, перзенттерім,
Кезім келді сырласатын.
Тыңда, ақын,
Кетпе шалқып.
Толғанайын,
Ойланайын,
Айтсын олар.
Адамдармен
Мұңдасайык, –
Сыр шертісу сонда болар.
II
СЕМЕЙЛІК СЕРІКБАЙ:
Боз тұман көгімді бүркеді,
Жүрегім шошиды, үркеді.
Кей түндер тіпті көз ілмеймін.
Күндіз бе,
Түн бе әлде –
Білмеймін.
Мәңгүрттей
Бір бей-жай халдемін,
Жылаймын,
Бірақ тек күлмеймін.
Мұндайлар тек қана мен емес,
Сырыңды жасыру жөн емес,
Ай мен күн аманда
Болдық-ау келемеж.
Ұйқысыз түндерім ұлғайды,
Кімге ортақ,
Кімге шет бұл қайғы?
Ұрпағым шөжіді,
Нәрестем шетінеп.
Кім мені әкелді
Тағдырдың өтіне?
Ажалдың шетіне?
Кім естіп, білмеді
Күркіреу сарынды?
Бір нәубет миымды шайқады,
Сан рет жарылды.
Отады малымды,
Отады жанымды.
Бір ауыл орнында
Отыз жыл өткенде
Мен қалдым,
Кім естіп зарымды,
Кім сірә, қозғалды?!
Бес бала, жарымнан
Дерт жайлап айрылдым.
Келешек менде жоқ
Тот басқан қылыштай
Майрылдым.
Ел ауру, жан дертті,
Қасірет жайлады.
Бір кезгі жерімнің қаймағы –
Не болды, халқым-ау,
Семейдің аймағы?
III
НАРЫНДЫҚ НАҒИМА АНА:
Асан мен Қазтуған өткен жер,
Елдерім құт қоныс еткен жер,
Талай ер,
Талай ел
Бармағын тістеумен кеткен жер,
Ата жұрт – кіндігім кескен жер,
Бұла боп, бой түзеп өскен жер,
Ойылым, Қиылым,
Жем, Сағыз, Елегім,
Тайсойған, Еділім,
Маңғыстау, Нарыным, Жайығым
Елге ырыс, құт қоныс,
Бар ма еді айыбың?!
Сан ұлың,
Сан қызың
Еліме еңбегін арнады.
Қазынаң көл болып,
Желініңнен парлады.
Пайдасын байлықтың
Кімдер қармады?
Не болды жұртымның
Хал-жайы, арманы?
Полигон қаптады,
Қонысты сол алды.
Жерімді таптады,
Зілзала-жарылыс жол алды.
Мекенім зиянды заттардың
Жерлері лақаты боп қалып,
Қала ма келешек тоқталып?
Зілзала кетірді қырымды,
Малым да, жаным да қырылды.
Халіміз солай бүгінде,
Не болар екен түбінде?
Тек алдап өзіңді
Құр босқа күбінген.
Таза ауа, мөлдір су –
Боп кетгі қиялдай.
Туған жер, өскен жұрт
Отырмыз қия алмай.
Барар жер,
Басар тау бар ма екен,
Сырқыт, дерттерден қашатын?
Жерұйық қайда екен
Асанқайғыдай асатын?
Он құрсақ көтердім,
Он өлік жерледім.
Азаппен сан жылдар сарғайдым.
Өзгеде ісім жоқ,
Тағдырымды қарғаймын.
IV
АРАЛДЫҚ АРАЛБАЙ:
Жоқ, ана,
Жерің жоқ қашатын,
Жерің жоқ асатын.
Халқыма сан ғасыр
Осы жер құт болған,
Осы жер жұт болған,
Сонда да кетпеген.
Бұл жерге кімдер келмеген?!
Бұл жерден кімдер өтпеген?!
Менің де халім мәз емес,
Құт еді Аралым – айдыным,
Шалқарым, айбыным.
Бақтайды басынан,
Көңілімде – кайғы-мұң.
Арнасын тұз жайлап,
Құм басып,
Отырам мұңдасып.
Айдыным тайыздап,
Дариям шайырлап,
Қаязым құрыды,
Апайтөс кемелер қайырлап.
Құйындар құтырды,
Дауыл жел желікті
Тұз, құмды көтеріп.
Жас жетті.
Сырқатпын.
Отырам жөтеліп.
Еш дүлей кете алмас
Тек мені көтеріп.
Осы жерде туып ем,
Осы жерде өлемін.
Тұз бен құм – сырқатым,
Және де
Дертіме сол емім.
Кешегі су қайда?
Кешегі ну қайда?
Сылаңдап ағатын
Әму мен Сыр қайда?
Сол кезгі жыр қайда?
Шарықтап шағалам
Көгімде тұрмай ма?
Шабдар бұлт шатынап,
Тұз дауыл бұрқайды –
Көпке ортақ қасірет,
Көпке ортақ бұл қайғы.
Бүгінде осы тұз Әлемге тарады,
Қияға, қиырға барады.
Адамды жайлады
Не пәле дерт болып.
Хал кешем лажсыз
Өзегім өрт болып.
Қалған жер мұра боп
Бабадан балаға –
Атажұрт, дариға
Әдірә қала ма?
Бабалар рухы, кеше гөр,
Жүре гөр жар болып.
Ұрпағың амалсыз жөңкілді
Күн кешсін бар болып.
V
СУ:
Мен сырымды
Айт десеңдер ағытайын.
Мен де бірі –
Жүргендердің бағы тайып.
Қай тірлікке нәр бермедім?!
Қай өңірге әр бермедім?!
Сынадың деп сөгер мені,
Сөзден тосып, бөгер мені
Адамзаттың боп ермегі
Бұл ғасырда не көрмедім?
Бұл ғасырда не көрмедім,
Жарқын жүзім жараланды,
Айна көңілім лайланды,
Әйтпесе жас төгер ме едім?!
VI
АУА:
Құр мақтанып,
Не еңіреп неғыламын?!
Құдіретіне табиғаттың бағынамын.
Бірақ бағзы кездерімді сағынамын.
Ыстығым – жалын,
Қаһарым – аяз,
Самалым – рахат
Жөн-жөнімен емес пе еді?
Күй бұзылды, ән қожырап,
Әлденелер елестеді.
Өзің адам, бәрін бұзған
Таптың ойлап не пәлені.
Түтін жауып, иіс қауып,
Не зілзала әкеледі.
Өзің тапқан тауқыметтен
Қарлығуда қанша адамың?
Оңдалар деп үмітпенен
Әрбір таңды қарсы аламын.
Сақтай гөр деп бұл пәледен
Мен күні-түн жар саламын.
VII
ЖЕР-АНА:
Оу, адам, бөбегім,
Сен ұлысың.
Қашаннан әйгілі
Сан тарау ұлы ісің.
Кей кезде табиғатқа өктемсің,
Кей кезде табиғат құлысың.
Көп нәрсе бір сенің қолыңда
Тек әттең қатең көп
Оңында, солында,
Шың, құз көп жолында.
Білемін
Құздардан өтесің,
Шьңдардан асасың.
Кей кезде қызғанышқа
Күпті боп Ашуға басасың.
Мақтаныш, бәсеке, іштарлық –
Бойыңа тұрақтап.
Қызылкөз күйменен
Қарайсың жақынға, жыраққа.
Өзіңмен-өзің шатысып,
Өзіңмен-өзің атысып, қырқысып,
Келесің ғасырлар жұлқысып.
Оу, адам, перзентім,
Күшіңмен болмашы, болымсыз,
Төсімді тырнама орынсыз.
Өңіріме теппеші,
Қанжарыңды көп қадап.
Анамын киелі
Жата алман боп мазақ.
Ауаға, Суға да
Жер-Ана маған да,
Саған да
Нұр керек.
Көңілге шапағат,
Жыр керек.
VIII
АДАМ:
Иә, Жер — Ана
Атыраудан Алтайға
Елім етек жайыпты,
Қазақ деген атым да бар
лайықты.
Арал, Ертіс,
Жетісу мен Манғыстау,
Сарыарқа мен Еділ, Жайык - қияным.
Бүгін неге жаркыншақтау
Шалқып жатар күй, әнім.
Аралым мен Семей, Нарын не болды,
Қалайша мен көздің жасын тиямын?
Жас төккеннен не пайда бар
жеріме?
Кімдер ие шалкар байлык _
кеніме?
Акыллдасар адам бар ма сенімен?
Акылдасар адам бар ма менімен?
Қонак болса,
Көрші болса,
Келсін дағы жөнімен.
Топан су жок,
Жер зыңыранып жаткдн жок,
Көзбе-көз кеп
Жұртымды жау атқан жоқ,
Бірақ апат - ауру жайлар не болды,
Жабыркаулы жатқан көп.
Қорғаныс деп қару сынау серт болып,
Зілзала өрбіп,
Жайлап жатыр дерт болып.
Соғыссыз-ақ
Сансырауға калдық-ау
Өзегіміз өрт болып.
IX
ЖЕР - АНА:
Дұрыс айттың,
Қысастықтан,
Қызғаныштан
Қанша тірлік құрыды?!
Бақталасқа
Лағнет айтқан
Боздақтардың кұлағымда тұр үні.
Жанға дауа,
Тұнық ауа,
Мөп-мөлдір су,
Құнарлы жер,
Тыныш өмір,
Нұрлы көңіл –
Болсын дағы мұратың.
Өсер ұрпақ – келешегің
Риза боп тұратын.
Сан дәуірдің саңлақтары –
Адамзаттың тағдырын ойлап
Ми қатырған ірілер.
Қанша дана болса дағы
Өлген қайта оралмайды,
Ақылгөйің бола алмайды,
Қам жемесе тірілер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу