Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  81


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КҮЛМЕЙСІҢ БҮГІН...

Жетпісті қапсың алқымдап,
Кешегі гүлдей жайнаған жеңгем-ай!
Шаршаңқы көзбен салқындап,
Қарайсың мынау өмірге,
Күлмейсің бүгін жарқылдап,
Кәрілігі түскір жеңгені-ай?
... Алтынқабақ атысып,
Күреске түсіп, күш сынап,
Жүретін біздің ағалар,
Құдалар таңдап, қыз сынап,
Сыңғырлап екі шелегің,
Кездесіп құдық басында,
Әзіл-наз айтып күлісіп,
Тұрушы ең аға қасында.
Жаның - бір бейне жыр-ағын,
Күлкің - бір таудың бұлағы,
Жалт ете түскен жанарың –
Қара мақпал түндерде,
Жарқ еткен жайдың шырағы.
Сендей бір адам елде жоқ,
Мінезің сенің - жыр, аңыз.
Біздің мынау Құмның бойында,
Қырмызы кызыл гүл едің.
Қылшылдап тұрған ағаның,
Қасында толқып жүр едің.
Тойларда жайнап ән салдың,
Жалындап гүл-гүл реңің.
Пір тұттың асыл ағаны,
Құлай бір сүйіп жүрегің.
Ізетің, ибаң жұртқа ұнап,
Еліңнің болдың келіні.
Қабыл боп арман, тілегің,
Бағамды қызға асырып,
"Сал жігіт", "ерке бала" деп,
Қоянға салар қырғидай,
Жанында сенің түледім.
Жалындап өткен сол бір шақ
Дариға-ай, неткен күн едің?!
Көп жылдан қайран ағам жок,
Жоғалтқан жұбын аққудай.
Жабырқап, жеңгем, жүдедің.
Алпысқа мен де жақындап,
Ақ самай, ақ мұрт шал болып,
Ауруы түскір тақымдап,
Қараймын мең-зең дал болып.
Өткінші мынау дүниенің
Кай заңын ойлап жүдейік?!
Бергенге шүкір, тәубе етіп,
Езу бір тартып күлейік,
Ұрпақтар аман болсын деп, —
Қайғысыз заман болсын деп,
Келешекті тек тілейік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу