Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  147


Автор: Медет Дүйсенов

НАСЫБАЙ

Кең далада көсілген,
Жортқан жалғыз аттылы...
Бейне, айдын төсінен,
Көргендейсің қалтқыны.
Шақша түбі қағылған,
Таусып бітті төзімді.
Басы зеңіп сағымнан,
Атын тұсап көз ілді.
Жауынгердей-сойы – алып,
Қажып келген ұрыстан.
Кетті сосын оянып,
Дүсірлеген дыбыстан.
Бұрып бұған ат басын,
Түсіп жатты бір мықты.
Шығарғанда шақшасын,
Бұл қол соза тұрды ытқып.
-Төлер болсаң ақыңды,
Басасың жан наласын.
Астыңдағы атыңды,
Берсең ғана аласың!
«Болсын!» деді, жігітің,
Жайбарақат күйінде.
Жапан түзді ұмытып,
Отырғандай үйінде.
Көңілі – көл, дария,
Жігіт қалды шаттанып.
Жүре берді қария,
Жетегіне атты алып.
«Бармағын бір тістесін,
Жаяулығын ұғынып»,-
Деп, бел асып түскесін,
Қарады артқа бұғынып:
Атып қойып құныға,
Насыбайдан хал жиып.
Жан-жағы төрт құбыла,
Жатыр екен шалжиып...
Осы-ақ болар, білсе кім,
Темекінің татымын.
Насыбайға бір шөкім,
Атын берген батырың!
-«Атыңды ал,
Жарайды,
Әй, жігітім, мәрттігің!
Сынап едім талайды,
Қалжыңдаған қартты ұғын.
Сынап алар, жол мынау,
Аяр менен ар құлын.
Мен өзіңнен көрдім-ау,
Қазағымның нарлығын!»
Ырзалығын білдірді,
Ойын солай тәмамдап.
Сапарласын күлдірді,
Сөзде тұрған табандап.
Алты қырдан ән асып,
Тербегендей Қошақты.
Қоңырқаздай жарасып,
Бара жатты қос атты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу