Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  73


Автор: Мырзатай Болат

ШАЙТАННЫҢ ШӘРІ

Кәрілік – байлайды екен адам бағын,
Шырқатып асау әнге сала алмадым!..
Саусағым перне қуып жүгіре алмай!..
Мүдіріп, қоңыр сазбен амалдадым...
Адайда: Жеті Қайқы: Қойбас, Қайып –
Бүгінде алдырмай тұр қамалдарың!..
Бойымды әбеқоңыр әуен жайлап –
Көңіддің өңі кетті, шабандадым.
Бұрқырап- сарқырамай ағын суым –
Ойдағы жайылмадай баяуладым.
Кеудені жеп қойыпты қу темекі –
Серідей топтан қалған жаяуладым...
Ептеуші ем Жылкелдінің «Құнан нарын» –
Одан да тайғанап жүр табандарым!..
Қайыптың «Жадау көгі» қиял болып -
Мойындап, өз шамамды бағамдадым!..
Өнердің базарында - топылған жұрт,
Біреулер үкілеп жүр жамандарын!..
Қайтейін, бір әумесер қор қылады:
Досаттың «Ырғамасын», «Жамалдарын!..»
Есіл ән, даңғырлаққа жем болдың-ау,
Соны ойлап, жаным күйіп алаңдадым!
Әулігіп, құр айқайға басатындар –
Ойлай ма, ән түсінер адам жанын!..
Батыстың тарқылына есің кетіп,
Көк өскін, бұзылып тұр замандарың!..
Шайтанның шәрі болып жүрген жерің –
Жұлып жеп екі иықты, далаңдадың!..
Жоғалған әнің де бір – жаның да бір,
Жын-ойнақ ортасында қамалғаның!..
Біздермен кетер білем алтын әуен –
Көзімнен бір-бір ұшты самалдарым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу