Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  68


Автор: Қалбай Әбдіраманов

АРЫ АРДАҚТЫ

Кеткен жерден қайтеді кешікпесең,
Телмеңдетіп папаңды есікте сен.
Жалғыз қалып өлетін сияқтымын,
Дауысыңды бірер сәт есітпесем.
Терезенің тағы да алдындамын,
Ішкенімнің ұмытып қалдым дәмін.
Жар бола гөр, тәңірім, ұл-қызыма,
Алсаңдағы қолымнан малдың бәрін.
Қыз деп, ұл деп қақпадым сірә беттен,
Телміремін қызылға қылаң еткен.
Келіп қалды-ау, ойпырмай,
Келіп қалды-ау,
Қарлы қыстың соңынан мына көктем!
Қарашығы-ай көзімнің,
Бал шырыным.
Көрмегейсің тұрмыстың таршылығын,
Қайран әкең телмеңдеп жылап өтті,
Арасында қазақтың бар шыңының!
Арқа сүйеп сен соған балпаңдайсың,
Бала басқа түседі әрқандай сын!
Арпа ішінде өсірген қызыл бидай,
Қай есікке жағынып, жалтаңдайсың.
Жасың өтіп барады жиырмадан,
Өскен сайын бір қайғы үйір маған.
Бір керемет бақ біткей маңдайыңа,
Маңдайына папаңның бұйырмаған!
Өз қолыммен жетелеп тәй бастырдым,
Табаныңды әлпештеп таймас қылдым.
Сөзіндей бол әкеңнің,
Көзіндей бол.
Қармауына түссең де қай қасқырдың!
Ұяңды қондырып ал биік тасқа,
Қол созба өміріңде күйікті асқа.
Қазақтың қозы болмас құлыншағы,
Қылт еткеннің тамағын қиып таста!
Қыздары қазағымның ұлдан асқақ,
Ұлдай асқақ болмасаң кім қараспақ?!.
Қыл мінезді қыз ғой деп қорсынғанды,
Жығып жібер!
Шығар да шыңға бастап!
Джунглидесің, қарағым!
Ормандасың!
Талайлардың бұл орман орған басын!
Қаны кетсін жүректің,
Жаны кетсін.
Құлыншағы қазақтың қорланбасын!
Өлсе қазақ өледі ар-намыстан,
Біз жапалақ емеспіз жардан ұшқан!
Қыз дегенде, қарағым, қазақ емес,
Жолбарыстар шығады нар қамыстан!
Әпкең де бар, екі ағаң, үш інің бар,
Бір нан тапсаң біріңе ұсыныңдар!
Көп болыңдар!
Қазақтың көптігінен,
Кең далада жер жетпей қысылыңдар!..
Һақтағала, бергейсің ізімді үйіп,
Ұлдарым бар!
Ұл барда қызым биік!
Әу, дегенше қасыңнан өте шығар,
Өмір деген қыран құс, қызыл киік!
Жан сырымды мен бәлкім аз ақтардым,
Аз болса да ісімді саз атқардым!
Туған жері ардақты,
Елі ардақты,
Ары ардақты бәрінен
Қазақтардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу