Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  62


Автор: Қалбай Әбдіраманов

КЕЛЕ МЕ ӘЛIҢ !..

Келе ме әлiң,келе ме,
Келмей ме әлiң,соны ұқтыр.
Қолыңнан келсе баяғы,
Он сегiз жаспен жолықтыр!..
Қайтемiн күзде қайғы ойлап,
Қызғалдақ терем сай бойлап.
Шақырып менi теңiзге,
Аққулар жатыр айғайлап.
Келе ме әлiң,келе ме,
Келмей ме әлiң,соны ұқтыр.
Жаралы мынау жүректiң,
Мақтаға қанын сорықтыр!
Жолдарым менiң көк тайғақ,
Күрсiнем кейде жоқты ойлап.
Көрмес пе екенсiң сен менi,
Iзiңдi сүйсем тоқтай қап.
Келе ме әлiң,келе ме,
Келмей ме әлiң,соны ұқтыр!
Құс жолы көкте жылтылдап,
Жұлдыздар сәлем берiп тұр.
Жоқ менде сенен басқа арман,
Құлыншақтаймын аш қалған.
Сынығындаймын жақұттың,
Керексiз жерге тасталған...
Ақ жiбек самал айтады ән,
Дертiмдi ол да байқаған.
Ақ көйлек кезiм баяғы,
Қайтып бiр келшi қайтадан!..
Келе ме әлiң,келе ме,
Келмей ме әлiң,соны ұқтыр.
Отыңа сенiң шұжық боп,
Үйтiлiп өлгiм келiп тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу