Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  69


Автор: Төлеген Жанғалиев

КҮЗГІ КРОСС

Кешқұрым, бар жұмыстан арқа босап,
Табиғат қызығына анталасақ,
Күзгі кросс басталып кеткендей бір,
Жел жарысып, қаңбақтар сальто жасап!
Тарамыс тал жігіттер тым ыңғайлы,
Кеткенде бір – бірімен семсерлесіп.
Жанкүйер – жапырақтар шуылдайды,
Жан-жақтан жамырасып, кеу-кеулесіп!
Белгісіз қайсысының жеңілері,
Берік боп оылайша шынығад тал,
Көп-көрім көпір жасап керіледі,
Қияқ, селеу секілді гимнастар.
Алып таулар аңқылдақ қара шалдар,
Әділқазы сияқты қарасаңдар.
Көк жүзінде келбеңдеп жарысады,
Көмбесі алыс мақпал бұлт-марафондар!
Өзендер өрекпісе жарды айналып,
Тамсанар тақыр дала таңдай қағып.
Шыңғыстау мен Қарауыл шіренеді,
Шынжырлы балуаннан аумай қалып!
Мұндайда тыныш жатсын құйын нағып,
Тиісіп жүр көрінгене бұзып-жарып,
Болысқыш бозторғай да тұр аспанда,
Бір шатақ шығама деп шырыл қағып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу