Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  72


Автор: Баян Тіленшина

Бір білерім...

Құдіретім, бітпейтін сағынышым,
Сорсың ба, әлде таптым ба бағым үшін?
Сорым болсаң, ақылым кемдігінен,
Өзім емей, көрмекпін енді кімнен!
Сағынамын адам деп сенгеннен бе,
Періштенің кейпіне енген пенде.
Енді тапқан егізін адамдаймын,
Қайталаймын атыңды қадам сайын.
Қайтер екем, ақылдан шатасам ба?
Сені ойлаймын басқаны атасам да,
Бір жаратқан менімен көктемені,
Күншуақты сүйдің деп сөкпе мені.
Сені ойлаймын ауырған сезіміммен,
Шөл өмірде қатқылдау кезігіп ем,
Гүл тікені –белгісі батырлықтың,
Сөкпе іргесін шынайы татулықтың.
Алдап жүрсең, алдай бер арың жетсе,
«Жас баладай ақылсыз, жарым ес» де ...
Сенен жылу сезгенде сүйе берем,
Бір білерім – басымды сүйеп өлем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу