Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  226


Автор: Баян Тіленшина

Сайрам - елім

Жәннәті жеті судың Сайрам-елім,
Киелі, сансыз бапты қайран елім.
Мекені Яссауи мен Сайрамидің,
Табынтқан Түркі елін айдарлы елім.
Қай мекен бұл Сайраммен таласасың,
Анасы Яссауидің – Қарашашың,
Атасы Ибраим да тұрақ тепкен,
Түркістан, Сайрам-елге балашасың.
Пейіштің бау-бақшасы осында ма?!
Егін мен гүл еккендей жасыл дала.
Бозторғай, сандуғашпен түнін түріп,
Долана, алма өскен тасында да!
Қызғалдақ – сыйлық болар ардағыңа,
Ем екен дерменесі, жантағы да.
Сайрамның елі түгіл жері емші,
Байланар адыраспан хан тағына.
Мәртөбең әділеттің туын тікті,
Бірлік пен желбіретті туырлықты.
Көз әулие, Көлкен ата, мың-сан бұлақ,
Ел дертін емдейді екен суың тіпті.
Жоңғар-жау орда тіккен Көмеш-бұлақ –
Көзіндей ару қыздың тұрған жылап.
Алмастай жалт-жұлт еткен 41 көл
Секілді Ай сынығы түскен құлап!
Қарасу, Арыс, Ақсу күркіреген,
Сайрамсу, Қызылсудан жыр түлеген.
Періште мекендеген Көмеш-бұлақ,
Өзенің Қошқарата – пір тілеген.
Төбе би – Тіленшімен мақтан едің,
Мыңбасы Жандарбекті тапқан елім.
Қасымбек, Сейітжаппар мен Әсілі бар,
Сан жұлдыз аспанында жаққан елім.
Ақмешіт, Қыз әулие, Қызылжарың,
Өсірген жер жұмақтың тұзын-дәмін.
Фашистке 5 батырмен атой салған,
От жүрек ұлың-жалын, қызың-дарын.
Жидың ба асылдарын қасиеттің?
Дәруін сенен тапты ел қасіреттің.
Қасыңнан айналшықтап кете алмастай,
Бір көрген жанның бәрін ғашық еттің.
Жап-жасыл далаң қандай, қалаң қандай,
Періште жасыл шашты таранғандай!
Аязың шәйі орамал кепкендей-ақ,
Маңдайдан атаң сипар алақандай.
Табаннан өткен дәру – ыстығыңды,
Сағынам мінезіңді қыстыкүнгі.
Бұлақ боп мен де сенен басталамын,
Туған жер, сенсің менің асқақ әнім!
Қай мекен бұл Сайраммен таласасың?
Анасы Яссауидің – Қарашашың,
Атасы – Ибраим да тұрақ тепкен,
Түркістан –кіші Мекке, балашасың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу