Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  65


Автор: Баян Тіленшина

Бұл қалай?

Жаным бар ғашық, ұғар кім,
Мөп-мөлдір, ашық аспанмын.
Түлеген үкі шығармын...
Өзгердім, бүгін басқамын.
Өзіңді алғаш көрдім де,
Кеудемде тұнды асқақ үн.
Жеті түс нұрмен өрдің бе,
Басқаша өмір бастадым.
Мелшиген сұсты тастардан,
Сазды әуен есіп тұрғандай,
Еркімді билеу – басты арман,
Еркім жоқ бүгін.
Бұл қалай?
Мезгілге мына ғашықпын,
Күлкі- нұр іздеп асықтым,
Бүршігін жарған шыбықтың,
Айтсам-ау әнін жазып мың.
Өзектен аққан өмірдің,
Кәусарын жібек көңілдің,
Жинаған жапырақ –жүректен,
Ақ жаңбыр сезім төгілсін.
Гүл қанат аппақ көбелек,
Көңілге шуақ себелеп,
Жеті нұр – күннің сәулесін,
Гүлдермен жүр ме некелеп?!
Көлеңке
Тұлпар сынды тұлғаңнан өлең тердім,
Алмастырдың орынын көлеңкемнің.
Арманыма кезіктім айсыз түнде,
О, ертегім, сағым ба, әлде бұл не?
Әр сыбысқа сен бе деп елеңдермін.
Маған ғашық болмаса – әлсіздігім,
Кімнен көрем сезімнің дәмсіздігін?
Жанарым да, үнім де, күлісім де,,
Ашуым да, тентектеу бір ісім де...
Неге ұнайды \таңым бар\ әр тұздығым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу