Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  404


Автор: Баян Тіленшина

Анам – Зылиха Тәйтіманқызы Ғұмарды жоқтау

Жыламай қалай шыдайын,
Құлады менің шын Айым.
Айырып мені анамнан,
Зарлатып қойдың, Құдайым.
Ақ сүтін берген жан анам,
Ақ нұрдан ғана жаралған.
Анасын мендей сүйер ме,
Әулие санап бар адам?
Сәл түссе менің қабағым,
Қабағымды бағатын.
Мейірін төгіп, сейілтер,
Анамды қайдан табамын?
Тілегі бірге сырласым,
Бастағам сенен жыр басын.
Кім маған сұспен қараған,
Қорған боп өзің тұрғасын?
Өмірді берген негізім,
«Анам, анам» дегіздің.
Денеміз бөлек болғанмен,
Ниеті ортақ егізім.
Көшімді бастар сыңарым,
Сағынып әркез тұрарым.
Мерейімді өсірген,
Махаббатым, құнарым.
Жаныма мейір сепкенім,
Мәңгілік шуақ, көктемім,
Мені кім иіскер маңдайдан,
Тастағаның неткенің?
Соққысы-ай мына жарлықтың!
Жылай-жылай қарлықтым.
Бақытты екен, кеш білдім,
Сен тіріде барлық күн.
Жібектей жұмсақ шашың-ай,
Әр сөзіңнің асылы-ай !
Ақ жаулық көрсем, армандап,
Аңсармын мәңгі осылай.
Бойыма сенен нұр сіңді,
Солыдым сенсіз гүл сынды.
Тіліп түсті-ау найзағай,
Аспан-көңілім күрсінді.
Мерейім сынды, кетілдім,
Жас тілді әрін бетімнің.
Көңілім орта, жүзім пәс,
Анажан, енді жетіммін.
Қарайды-ау аппақ желегім,
Қайғыға батты-ау өлеңім.
Сағынып күтер өзің жоқ,
Үйіме не деп келемін?
Аңсатар елді шының-ай!
Нәп-нәзік үнің шырын-ай!
Қимылсыз қалай жатырсың,
Таппаушы едің тыным-ай !
Сәні едің, апа-ау, ұямның,
Жеткізбеді-ау қиялым.
Әлпештеген жан анам,
Топыраққа қалай қиямын?
Жоқ-жітікке қарастың,
Дос түгіл қаспен санастың.
Әулетке ортақ-үлкен үй,
Анасындайсың алаштың.
Өзегім күйді-ау, шоқтаймын,
Өзіңді бақи жоқтаймын.
Иманың жарқын бұйырсын,
Қой десең, халқым, тоқтайын.
Ой, арман-ай, арманым,
Өзіңде ме екен бар бағым?
Өзіңді таппай сезіндім,
Тіршіліктің жалғанын.
Сағыныш болды-ау ізің де,
Биязы, жұмақ жүзің де.
Орныңды ешкім толтырмас,
Бір кітап толған тізім де.
Сезімді қалай айтармын,
Тал шыбықтай шайқалдым.
Тоғыз ай жүрдім құрсақта,
Қай еңбекті қайтардым?
Жан анашым, анам-ау,
Жансаям, қорған, панам-ау.
Жанымды удай ашытты-ай,
Орныңды жұлған жарам-ау.
Қиын-ақ екен айрылған,
Өзегім талды-ау қайғыңнан.
Ортайтпады ішімді,
Сағыныш сонша айтылған.
Шыда десең шыдайын,
Қуат бер маған Құдайым.
Жұмақтан болсын орының,
Рухыңмен демеп жүр дәйім.
Алдымнан күліп шығатын,
Сен едің, анам, ұғатын.
Жаның жүрсін жәннәтта,
Алдыңнан күтсін жұмағың.
Өлмей тұрып жұбаттың,
Дәруін беріп қуаттың.
Қой десең, анам, қояйын,
Бақұл болшы, қымбаттым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу