Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  74


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Кейде қарық боп...

Кейде қарық боп,
Кейде жарымай,
Айға қарадым
Тілген қауындай.
Көрдім жұлдызды
Шашқан тарыдай,
Күнге көз тіктім –
Көзім ауырды-ай!
Күнде жаға ма
Ішке сары май,
Тоным тоза ма
Атым арымай.
Мұңды ұға ма
Шынды танымай,
Қайрат шыға ма
Намыс жанымай?!
Байқап жүрсем де,
Жолдан жаңылмай,
Илеп көрсем де,
Ойды қамырдай.
Өмір сәнді ғой
Маржан, лағылдай.
Өмір мәнді ғой
Көздің ағындай.
Өмір мәңгі ғой
Атқан таңымдай.
Қалай заңына
Кетем бағынбай.
Жүрсең жалынбай,
Жансаң жалындай,
Тұрар көпіршіп
Кейде сабындай.
Тірлік қас қағым,
Қонған бағымдай,
Алдар алыстан
Көшкен сағымдай.
Кетпес бастан ой,
Мақсат – тауымдай,
Ғұмыр қысқа ғой
Қамшы сабындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу