Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  65


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ойлағаның бола бермес ойдағы...

Ойлағаның бола бермес ойдағы,
Еске түсер қайдағы мен жайдағы,
Шаруа бітер, сай келсе егер сайманы,
Пышақ өтер, дайын тұрса қайрағы,
Сорпа қатса, майы қалқып алынса,
Сүт қатқанда, бетке шығар қаймағы.
Жиған дәнің салдыр-салақ қойылса,
Тышқан мен құрт жайлайды екен қойманы,
Тартқан арқан ағытылмас түбінен,
Өрімі нық, берік болса байламы,
Нағыз аңшы алып шығар інінен
Түлкіні де алпыс екі айлалы,
Ауыртпалық сала ала ма арқаға
Жер бетінің келіп-кетер мейманы,
Ақыреттің азабынан қорқа ма
Бітпей тұрса жанбағыс пен үй қамы,
Ойлай ма әлде қалады деп байқалмай
Момындарға салып кеткен ойраны.
Қыл көпірден өте ала ма шайқалмай,
Көзін жұмып, тура жолдан тайғаны,
Дәм таусылса, өмір туы жайқалмай,
Жаназаға жұмсалмай ма той малы,
Айт десе де, айтар сөзін айта алмай,
Қирамай ма тастан қалап қойғаны?!
Іштің кірін тазаламай жүргенде,
Кіріп алса, шайтан шықпас мидағы,
Естен шығып кетер сонда бір демде
Жаратқанның тоқтамы мен тыйғаны,
Тек мәз болар аузын ашып күлгенде
Жадыратып Хақтың берген сыйлары.
Күн шыққанда жасырынар ай-дағы,
Күн ысыса еріп кетер май-дағы,
Таудың тасы шеттерінен ірі емес,
Ұсақ емес тастың бәрі сайдағы,
Абыройға жеткізе ме құр егес,
Болған кезде ғарасаттың майданы,
Алыпсатар саудагердің өмірін
Сақтап қалмас тергені мен жиғаны,
Адамзаттың орнықтырар көңілін
Жүрегіне серік болса иманы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу