Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  87


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Сағат тілі бірде оңға, бірде солға тербеліп...

Сағат тілі бірде оңға, бірде солға тербеліп,
Тербелістің арасында талайлар жүр сенделіп,
Қонған құсты кейбіреулер қиқу салып үркітсе,
Ұшқан құсты жерге біреу қондырады жем беріп.
Сағат тілі бірде оңға, бірде солға тербеліп,
Бір секундта-ақ қанжығаға алар сені өңгеріп.
Күн мен түнің, ай мен жылың қайталанып жатқанда,
Он сегіз мың ғалам сырын алған кім бар меңгеріп?!
Сағат тілі бірде оңға, бірде солға ырғалып,
Өтіп жатқан мезгіліңді дәл көрсетіп тұр ма анық?
Аққан судай, көшкен құмдай, тықылындай сағаттың
Тоқтамайтын өмір осы өтіп жатқан бір қалып.
Сағат тілі бірде оңға, бірде солға ырғалып,
Бір қалыптан шықпай қойса кетер ме едік жыңданып.
Олай болса шын беріліп, түрлентіңдер өмірді,
Тіршіліктің қызығынан жүрмеңіздер құр қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу