Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  53


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Нышан

Пайғамбардың туған күні жарым шелпек пісіріп,
Күреңітіп піскен нанды табаққа әкеп түсіріп,
Әруақтарды есіне алып, ұлым аят оқыды,
Мұның өзі от басымда болды нағыз кісілік.
Пайғамбардың туған күні қызым құймақ пісіріп,
Алла деген жазу шықты, нышанды ол да түсініп,
«Осы үйдегі арқа сүйер әкеміз!» – деп құймақты
«Сізге келген дәм ғой бұл!» – деп жатты маған ұсынып.
Қатал қыстың кәрі кетіп, шақырады жаз алдан,
Жаным күйбең тіршіліктің күйесінен тазарған.
Алла деген сөз жазылған жұмыртқаны жан-жарым
Аман-есен алып келген еді бірде базардан.
О, Жаратқан!
Барлығыңа өзің болдың себепкер,
Жан-жарыма, ұл-қызыма, ұрпағыма медет бер!
Жасағаннан жеткен хабар деп тұрғандай біздерге:
«Шаршағанды демеп жібер, жабыққанға көмек бер!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу