Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  87


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Насихат

Адамзатқа алдымен
Ықылас қой керегі,
Сабыр түбі – сары алтын,
Тәуба – тізгін дер едім.
Бұл фәнидің алдамшы
Ақиқат қой өзегі,
Сескенгендер Құдайдан,
Жүзін көрмей сенеді.
Көңілінде не барын
Алла түгел біледі.
Насихатпен нұрланған
Шариғатқа келеді,
Кеңестерден құр қалған
Көресіні көреді.
Бай болсаң да, тасыма,
Ырысты Хақ береді,
Не келсе де басына,
Шыдамдылар көнеді.
Аманатқа қиянат
Болса, қайғы төнеді,
Ысыраптан қашыңыз,
Ол шайтанның қорегі.
Бар болғанға құр қызба,
Шалқар көл де кебеді.
Аспандағы жұлдыз да
Күні бітсе, сөнеді.
Алды-артына қарамай,
Жүзер деме кемені,
Ажал келіп аямай
Сыбағаңды береді.
Жатқа көрсет мейірім,
Мұсылмансың, себебі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу