Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  70


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Періште мен шайтан

Бір иығымда періште,
Бір иығымда шайтан бар.
Мінезім оң, теріс пе?
Ағайындар, байқаңдар.
Мініп алсам құр атқа,
Ер-тұрманы келіскен.
Шайтан түртіп кұлатса,
Қағып алар періштем.
Ал тұлпарым кей-кейде
Ауыздыққа көнбейді.
Алтын көрген періште
Пәк болғысы келмейді.
Өңшең қидың ішінде
Қайтіп таза боласың,
Түсін, мейлің, түсінбе,
Қайда барып оңасың?
Ит қапты деп, ол қапса,
Ерде қасиет қала ма.
Қария сөзін тыңдатса,
Елде қасірет бола ма?!
Күншіл, кекшіл, кінәмшіл,
Қайран, қандас қазағым.
Көзге түспей шын асыл,
Аз болды ма азабың.
Кетсін сөзге тас иіп,
Сөйлер болсам, айтам дәл.
Періштеме бас иіп,
Шайтанымды байқаңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу