Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  86


Автор: Ғафу Қайырбеков

ОЙЛАЙ, БОЙЛАЙ ӨМІРДІ...

Ойлай, бойлай өмірді,
Біраз жүрген сапарда,
Ауырды да, жеңілді
Алып бірдей қатарға.
Анау – демей, бұл – демей
Өткен күнге жоқ кінə,
Қала алмадым үндемей,
Жырға зауқым соқты да.
Тимесе де өзгеге
Жарты тиын пайдасы,
Жарқ етсін бұл кезде де
Көңілімнің айнасы.
Көбейді ғой, жасаған,
Көне күнге күлгендер,
Бəрін өзі жасаған,
Бəрін өзі білгендер.
Адам болса надандау,
Жарар, бəлкім, кешіру.
Өткеніңді жамандау –
Өзіңді өзің өшіру.
Өшіретін, қыратын
Өмір саған əріп пе?
Уақыты жоқ кəрі ақын
Қайта оқитын əліппе.
Не болса да болғаны,
Тірлік, сенде жоқ айып,
Онан дағы кел, кəні
Қол ұстасып қояйық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу