Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  88


Автор: Ғафу Қайырбеков

НАМЫС ҚҰРБАНДАРЫ

1
Бұл да бір көне заман əңгімесі...
Тарихтың талай жолда қалды көші.
Баяғы орта ғасыр дəуренінде
Дейтұғын: «күшті де, əлді де осы» –
Дүрілдеп тұрған кезі түріктердің,
Түгелдей Дунай бойын түріп берді.
Ондаған мемлекетті ойсыратып,
Ол аздай Грецияға кіріп келді.
Зуылдап суда кеме, жерде аттары,
Əскерден қарақұрым сел қаптады.
Ұшында найзалардың от алаулап,
Күңіренді зеңбіректер жел жақтағы.
Күйреуді көрмеді көз одан қатты,
Орнады Афинаға ғаламат түн.
Айналды ат қораға алтын сарай
Жаралған өнерінен адамзаттың.
Жан салып сақтап келген неше ғасыр
Мүсіндер, ғимараттар не бір асыл
Күл-талқан, күйеленген күйіменен,
Қоштасып өткен күнмен, жерде жатыр.
Əлемнің мəдениет мақтанышы, –
Гректің көп құдайы тақтан ұшты.
Сақтауға ең болмаса Парфенонды,
Сорлы жұрт соңғы күшпен арпалысты.
Қайткенмен елдің аты – ел емес пе,
Намыстың сынға түскен жері емес пе, –
Атысты күндеп-айлап түріктермен
Жан беріп ең ақырғы ерегесте.
Акрополь тоқтатпаған қарсылықты,
Тағдырдан тартса-дағы таршылықты.
Шыдамай күндіз-түнгі сол атысқа
Оқтары түріктердің таусылыпты.
Көрем – деп ойламаған ондай сынды,
Дауысы мылтықтардың зорға тынды.
Ойлады бас қатырып қолбасшылар
Алуға қайдан тауып қорғасынды.
Босатар ел шегесін дəл ондайда
Қашанда бір сатқыншы табылмай ма?
Сол барып ашып берген құпияны, –
Көнетін келген кезде жау ыңғайға.
Əуелде жаудың тісі батпас қылып,
Сылақтың орынына қаттастырып,
Іргесін Парфенонның соққан екен
Мың батпан қорғасынмен баттастырып.
Алған соң қасақы жау, соны біліп
Сан дүмбі, салмақпенен соғып, ұрып,
Іргені солқылдатып бұзған екен, –
Жоспардың тез алынар жолын құрып.
Гректер аза бойы қаза болған, –
Кезі жоқ мұндай ауыр жаза қонған, –
Көретін туған ұлттың туындай-ақ,
Намыстай тұрған сарай таза қолдан,
Ежелгі ата-мақтан, мекен тұрақ,
Мың жылдар ұрпақ қолы жеткен құрап,
Садақа бүкіл грек қырылса да, –
Парфенон аман қалу керек бірақ.
Соны ойлап, əрі-бері кеңес құрып
Бір жерге ақыл басын теңестіріп,
Жіберген түріктерге елшілерін,
Қайтуға құрбандықпен келістіріп.
Өтінген Парфенонды бұзбасын, – деп,
Берейік керек болса қорғасын, – деп –
Арттырып оқ дəріні жіберіпті?
Атысын шаршағанша қоймасын – деп...
...Намыс-ай, оқтан күшті, оттан ыстық,
Сол үшін біз де кеше аттаныстық.
Солайша аман қалған Парфенонды
Келеді əлем əлі мақтаныш қып.
2
Тағы бір елдің шерткен хикаясы...
Төбеңнен ауса тірлік күн саясы,
Қай мекен, қай сапарда жүрсең дағы,
Бəрі бір қара жерге қисаясың...
Алыстан, Африка жағасынан,
Дамылсыз Атлант мұхит аласұрған,
Келді де түсті біреу қонақ үйге,
Есігі босамайтын жолаушыдан.
Кім еді дерің бар ма – бай ма, бəлкім,
Жинаған жылдап күміс, айлап алтын,
Болмаса алыпсатар сəудегер ме,
Əлемнің төрт бұрышын айналатын.
Əйтеуір кедей емес əлгі кісі,
Əмбеге болмаса да əйгілі ісі –
Мұншама қымбат отель жалдайтұғын
Басында байлық, дəулет бардың күші.
Əңгіме біткен жері не дегенмен,
Дүние тегершігі дөңгеленген
Ол үшін тұрып қалды – адам екен
Ажалы дəл соңынан ере келген.
Ауырды келе-сала – «кеттім-бардым»,
Емес бұл еркелігі мықтылардың,
Шақыртты жан ұшырып дəрігерді,
Кезінде кеткен дəрмен, ықтиярдың.
Кім білсін келген дəрігер – жас, кəрі ме,
Тағдырдың болжам болмас қас күніне,
Əйтеуір, ақиқаты – адам емдеу –
Берік жан медицина дəстүріне.
«Оба» – деп тапты дерттің сұмдық атын,
Бөлменің тарс жауып алдын-артын,
Сырттағы адамдарға хабарлады,
Еш кісі болмасын деп бас сұғатын.
Арада күндер өтті, сезбей түкті,
Бұларды бас амандар бекер күтті.
Қайырсыз сол бөлмеден жиналған жұрт
Көтеріп алып шықты екі өлікті.
* * *
Жалғасақ енді арасын арман-жіптің,
Аңызы бұл да ескіден қалған жұрттың –
Біреуі – намысы еді бүкіл елдің,
Біреуі – жеке адамның, мамандықтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу