Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  53


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЛЫПТАР АРАСЫНДА

Рахман-дост сөзінде бар кісі екен,
Бар жазығы – машинасы «кіші» екен,
Соның өзін самолетке бермейді,
Жігіт екен көңілі кең, іші кең.
Енді заулап Рахман-дост Сафарың
Аралатты Дүшанбенің шаһарын.
Ақ қаздардай тау басында жайылған
Жағалаймыз зəулім үйлер қатарын.
Əне шықты көк шатырын керіп күн,
Бағын ашып əсем жиһан-көріктің.
Тойына ақын Мирза Тұрсын-Заденің
Мен асығып бір күн бұрын келіппін.
– Оның жақсы, болмай тұрып қарбалас,
Аз да болса үйрен бізге, бауыр бас,
Ертең шықса ұлы тойдың ұраны –
Меймандардың кім екенін таңдамас.
– Несін айтасың, жақсы бір күн бұйырды-ай! –
Дейді Рахман, «жигулиін» құйындай
Ұшыртады, дымқыл асфальт бетімен,
Енді көрсем, жігіт екен тұйғындай.
Екі көзден əлі атады от-ұшқын,
Машинада бізден басқа жоқ ешкім,
Асықпастан баяндайды өмірін
Капитаны өтіп кеткен соғыстың.
Кейін айтам, – деді, тағы – ғажапты,
Мен кешпеген хикматтар аз-ақты.
Бір сиқыр күш жатыр менің қанымда
Мың сан жұрттан танитұғын қазақты.
Бастайық біз жазушылар үйінен.
Бұл сапардың бар тамыры түйілген.
Рақаттанып одан сайын Рахман
Машинасын ұршықтай-ақ үйірген.
Бір зəулім үй қарсы алдыңда, қақ маңдай,
Жұмағыңа кіретұғын қақпаңдай.
Сол қақпадан үлкен-үлкен адамдар
Жаңа ғана шығып келе жатқандай.
Данышпандар, алыптары Шығыстың
Басын қосып ұлы күні ұлы істің
Жаңа шешіп тарқағандай, о, ғажап,
Мəселесін өлең деген жұмыстың!
Əбу Əли Сина, Омар Хайям, Саади,
Асыл Жəми, тақиялы дана Айни,
Құшақтасқан ақындары советтің –
Мирза Тұрсын, Əбілқасым Лахути.
Тəжік жері – мынау алып қабырға,
Таңқаласың тасты тескен тамырға.
Сол тамырдан осы алыптар тараған
Тағдырының жеке-жеке таңында.
Тұтас мыстан, қоңыр жезден құйылған
Бойларымен, ойларымен, қиыннан
Қиыстырған шебер қолдың күшімен
Махаббаттың аруағымен сыйынған.
Мен қараймын екі көзді жас торлап,
Бірі жоғары, бірі төмен баспалдақ,
Дабырласып келе жатқан секілді
Не керемет дастандарды жоспарлап...
– Мынау сенің ағаң! – деді Рахман,
Дəл ертеңгі тойына сені шақырған, –
Мирза-Муалим 
, Тұрсын-Задені көрсетіп,
Тізе бүктім бар қазақтың атынан,
Талай-талай елімде болып, татып дəм,
Талай таңды сырласумен атырған
Ағам екені рас еді, жарықтық,
Бір басына күмбез соққан ақылдан.
– Əне, Мүмин, қатарласың, сыйласың,
Алыптардың қалған белгі, мирасы –
Каноатпен қанаттасып көрістім,
Інім ғой, ол кіші менен бір жасы!
– Ғажап! – деді, – кездесуді қарашы!
Қайтеді-ей, мына қазақтың баласы! –
Жолы қандай, уəде беріп қойғандай
Жолығарға дəл осы сəт шамасы!
– Алыптардың шапағаты! – дедім мен,
Тəжіктердің махаббаты! – дедім мен.
Оған қоса азаматы! – дедім мен,
– Бізге қымбат қазақ аты! – дедің Сен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу