Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  69


Автор: Ғафу Қайырбеков

Дүрілдеп кетті даңқы содан былай...

Дүрілдеп кетті даңқы содан былай,
Россия білмеді ақын одан құдай,
Жаңғырды :«Күннің орнын күн басты», – деп.
Қол соғып Пушкин өзі бардағыдай.
Алайда өзі патша – жау бастығы,
Оның жоқ төгіп қаһар, жаумас күні.
Ойынан кетпей қойды Николайдың
Халықта екі əмірші болмастығы.
Билеген отанының ақыл-ойын,
Оп-оңай болмады оған ақын ойын,
Түк емес еді оған төге салу
Жайнаған Россияның абройын.
Тынарын білмеді ақын арты лаң боп, –
Қалғанын заңның қиғаш шартынан кеп,
Тағы да түрмесіне барып түсті,
Бір итті жекпе-жекке шақырам деп.
Барғанда Белинский сəлемдесіп,
Ашылса ауыр тұтқа əрең есік –
Таңырқап тұрып қапты, көз алдында
Жатқандай адам емес, əлем көшіп.
Бір адам сəлемдесті, келді, кетті,
Айтпаған тісін жарып небір көпті,
Соңынан ұлы сыншы достарына:
«Байлаулы арыстанды көрдім!» – депті.
Жөнелді ол ең ақырғы сапарына,
Кавказдың құздары мен шатқалына.
Тағы да қалды артында қайрап Отан
Малшынған тіршіліктің батпағына...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу