Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қаптаған аяқ бассаң ескерткіштер...

Қаптаған аяқ бассаң ескерткіштер,
Еріксіз ескі тарих еске түсер.
Қаланың бар жерінде із қалдырған,
Қан жоса жауып өткен кешегі сел.
Кешегі ажал төккен қара дауыл,
Япыр-ай, не істемеген қалаға бұл?
Өнері адамзаттың өртте кеткен,
Бір сұмдық етеді əсер маған ауыр.
Қарадым ескерткішке жаннан кешіп, –
Мынау бір аударылып қалған бесік, –
Соғыстың бар күнəсін дəлдеп айтқан,
Аударып кеткен кеше жалғанды өстіп.
«Иозеф Светлый» – деген шебер,
Соғыпты, қайран талант тебіренсе егер.
Тəңірінің өзіне ұқсап кетеріне,
Естіген түк болмайды, көрген сенер!
Қоймақ боп қайта орнына ұмтыласың,
Қайран жоқ келер қолдан, құр тұрасың.
«Өлгенді тірілтпейді, еш құдірет»,
Дегенді өзіңе-өзің ұқтырасың.
Осынау тас кітаптар қат-қабатын,
Тек қана қиял тесіп, ақтаратын.
Тек қана ой безбені өлшейді оны,
Тек қана сүйгіш жүрек сақтар атын.
Тажалдың ордасында басын кесіп,
Таптаған, мəңгі сабақ алсын десіп.
Ерлерге еңіреп алғыс айтқандай-ақ,
Сонау бір аударылған асыл бесік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу