Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  140


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚАРА ШАҢЫРАҚ – АҚ ҰЯМ

Қарт ҚазПИ, мен айналдым есіміңнен,
Сонау бір алыс қалған ескі күннен.
Мынау бір кешіп тұрған сəтке дейін,
Еркелеп еніп келем есігіңнен.
Сен менің екі үйімнің біріндейсің,
Уақытта кешегі емес, бүгіндейсің.
Алдыңнан абайсызда өте шықсам –
– Ей, бала, бер қарай бұрыл, – дейсің.
Жалма-жан өз-өзімнен қысылам да,
Басып кеп аяғымның ұшынан да,
Басымнан сол қолыммен бөркімді алып,
– Кеш! – деймін, оң қолымды ұсынам да.
Сонда сен Қажым болып, Мəлік болып,
Қуанып сəлемімді алып болып.
«Ойпыр-ай, сен де есейіп қалыпсың!» – деп,
Тұрасың мəн жəйіме қанып болып.
Сол кезде жез қоңырау сыңғыр етіп,
Қалғанда еніп ішке, бəрі кетіп.
Біле алмай кірерімді, кірмесімді,
Жүрем де бері де өтіп, əрі де өтіп.
Тұрармын ақтарылып есікке кеп,
Боласың сонда мені есіркемек.
– Бүгінше үйіңе бар, дем ала ғой,
Сабаққа ертең, бірақ кешікпе! – деп.
Күлімдеп қарайсың сен ұзатып сап,
О, қиял, о, тəтті арман, о, жастық шақ.
Осылай қимастықпен жібермейсің,
Қаншама қартаюға біз асықсақ.
Алдыңа тағы келдім, қарт ҚазПИ-ім,
Мен бе екем саған жырдан тартпас сиын?
Баяғы Сталиндік стипендиат,
Баяғы жарқыраған жап-жас күйім!
Баяғы аппақ ару, қолаң шашты,
Жас ақын тағы бүгін алып қашты.
Ол – менің саған деген махаббатым,
Бұлақтай қайнап шыққан жарып тасты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу