Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  87


Автор: Марфуға Айтқожина

САЙРАМНЫҢ ТОЛҚЫНЫНДАЙ

Тұр ма екен
Түзің де аман,
Құзың да аман,
Кешегі қаз-қалпында бұзылмаған?!.
Қырық жыл, қылаң беріп өте шықты,
Көрсетпей басқан ізін, жүзін маған...
Зымырап, жылдар жылдам толқындады,
Көңілдің көлі орта,
Толтырмады.
Кешегі қара бұрым,
Бүгін – бурыл,
Кезікті тағдырдың да жолсыз жары.
Жүрсе де жүрегімді шоқтап қайғы,
Жыр – самал,
Желпуін бір тоқтатпайды.
Түскенше өз арнама ауытқымас,
Кезіппін талай жолсыз,
Соқпақтарды...
Жылдарым,
Жалыны өшпес сырға тұнып,
Келеді тұңғиыққа шым батырып.
Жанымның жартастарын соғады жыр,
Сайрамның толқынындай бұйра-тұнық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу