Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  82


Автор: Марфуға Айтқожина

Болмайтын қанша ақтарсаң сырын біліп...

Болмайтын қанша ақтарсаң сырын біліп,
Қанбайтын қанша жұтсаң,
Шырын ба, үміт?
Өнердің жарысына ынтасымен,
Көтерді жаңа ғасыр,
Туын биік!
Көктемін, толғаныспен
Күзді өткеріп,
Қанатқа асқақ əуен,
Күй бөктеріп –
Келеді құстай самғап хас жүйріктер,
Жүйріктер, келе жатыр түйдектеліп!
Сол кеште ой бөлісіп сүйікті елмен,
Өр өнер көрінсе деп биіктерден.
Отырды қалың топтың ортасында,
Заманбек,
Əндер тыңдап, іріктелген...
Өмірдің өнерліге тілеп төрін,
Самалдай желпінеді,
Жібектерім!
Толқытып жанкүйердің жүректерін,
Ғасырым,
Əнге төсеп тұр өткелін.
Жүрекке қанша ма үндер жетті нұрлы,
Күндерді көлегейлеп,
Кекті, мұңды...
Кештегі шырқалған əн аспандатып,
Тербетіп,
Тебіренте, өпті гүлді.
Үндердің əсерімен күміс-тұнық,
Күн шықты Алатаудан –
Күліп тұрып.
Ұлытау, Алтай, Көкше, Қаратаулар,
Шыңғысым,
Шыңда төсін түйістіріп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу