Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  103


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАЙРАН ҚАЛАМ ƏУЕЛЕГЕН ҚҰСТАРҒА

Қыр жайлап,
Қиын күндер кешсем де,
Менен жəбір көрген емес еш пенде.
Сыңар аққу сияқтанған жайым бар,
Мекендеген қос көлде.
Қайран қалам əуелеген құстарға,
Қанаттарын қақтыратын күш бар ма?!
Сыңар қанат екендігім жерде емес,
Сезіледі ұшқанда...
Доссыз емен,
Табылады дұшпан да,
Қызғанышын көрсетер кей тұстарда.
Жасымаймын,
Жатса дағы жалғыздап,
Төтеп берер күш барда.
Бара қалсам ұсынады дос төрін,
Дос төрінде –
Кемдігім жоқ еш менің.
Аққуына балап жүзген айдында
Толқындарын тосады əкеп қос көлім.
Алаңдайды бармай кетсем дала, бел,
Аялайды,
Алақанға алады ел.
Маңдайдағы қос жанарым секілді,
Сырлы Сайрам,
Аңқылдаған Алакөл!
Қос көлімнің құрағы тұр желкілдеп,
Жағасында жаным тыныш,
Желпінбек.
Жатқан сынды бар қиырдан шақырып,
Алыс кеткен аққуларын келсін деп,
Аунап-қунап еркіндеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу