Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  118


Автор: Марфуға Айтқожина

КҮБІРЛЕП, ІШТЕЙ КҮРСІНДІМ

Күбірлеп, іштей күрсіндім,
Өтіпті қанша жырсыз күн.
Жосалап, тіліп барады,
Жүрегімді тілсіз мұң.
Сырт көздер қайдан аңдасын,
Түседі салмақ жанға тым.
Күндерім зулап барады,
Жүзіме салып таңбасын.
Беттерін бұрып шалғайға,
Қиырға құстар самғай ма?
Ауырлық артқан күндердің,
Іздері жатыр маңдайда.
Іздері жатыр маңдайда,
Дəмдері татып таңдайға.
Не күйде жүрген халіңді
Сұрайтын бүгін жан қайда?!
Ұғынар сені жан қайда,
Жанар ма шырақ,
Жанбай ма?
Қанар ма сусын,
Қанбай ма.
Болар ма, əттең, жетер күн,
Арманға қанат талмай да?!.
Шөліркеп ішкен су қайда,
Толқи ма жүрек,
Тулай ма.
Ел намысын қорғайтын
Азамат ұл тумай ма?
Тірелді көңіл тұйыққа,
Бұйықпа, жаным,
Бұйықпа.
Тербетейін, Мөлдірім,
Талбесікте ұйықта.
Келеді анаң кешікпей,
Жайлы орын жоқ бесіктей.
Қолымнан, құсым,
Ұшырман,
Буыныңды бекітпей!
Жатады жер де сілкініп,
Отырам мен де күрсініп...
Сергітші мені ойымнан,
Айналайын, бір күліп.
Күбірлеп, іштей күрсіндім,
Өтіпті қанша жырсыз күн.
Жосалап, тіліп барады,
Жүрегімді тілсіз мұң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу