Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  145


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Аңызақ жел.

Аңызақ жел.
Сүрлеу жол.
Құба белдер,
Шағыл құмнан кездеспес тұма, көлдер.
Ұшқан құстың қанаты күйіп қалып,
Шөлге ұрынып мерт болған Құлагерлер.
Сол соқпақпен келемін елім-телім,
Ән саламын: даламды егілтемін.
Мезі қылса сүреңсіз қу мекиен,
Желпіп алам жыр оқып көңіл көгін.
Бұл сапарда қалайша сынсын сағым,
Жасқанбаймын, еш жерде қымсынбадым.
Кеберзіген сәттерде ернім кеуіп,
Ілиястың жырымен сусындадым.
Дала жатты шөліркеп, тымырсық тым,
Ыстық дауыл – түтейді қиыршық құм.
Ілбіп келем, аптаптан – бас айналды,
Көз алдыма елестеп түйіршік мың.
Арман-үміт сәулесін өшірмеді,
Аяусыз-ақ пәңгітті кесір мені.
...Абыз Абай бастаған ұлы жолда,
Баяу ғана жылжиды көш ілгері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу