Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  351


Автор: Кете Жүсіп Ешниязұлы

КЕТЕ ЖҮСІП ПЕН КҮЗЕН айтысы

Кете Жүсіп:
Бір қатын көрдіңдер ме, салбыр ерін?
Мүлтіксіз айтып берем әрбір жерін:
Еңкіш бел, жазық маңдай, көзі аларған,
Біледі керіспектің есік, төрін.
Болмашы сөзім болса, теріске алған,
Әйелдің таба алмассың ондай өрін.
Бетіне ақ шаңылтақ, түйе...
Нұраның көріп пе еңдер тақыр жерін?
Мысалы бет формасы соған ұқсас,
Нанбасаң осы айтқанға, барып көрің.
Ұшбыны тапсаң, маған тапсырыңдар,
Бір күнге шығынсынбай аттың терін.
Жақында, көп ұзамай жүрген шығар,
Қарауға дей алмаймын: «Сендерді ерін».
Күзен:
Сенің де мұрның қоңқақ, көзің ала,
Болса да басың биік, көңілің бала.
Тыштаңдап еркек қарға секілденіп,
Адамға тап етесің тұра сала.
«Ә» десе, ашуланып жүгіресің,
Қолыңа қос уыстап құмыңды ала.
Еркексіп болмашыға егесесің,
Байқасам, ақыл-зейнің құла-дала.
Көзіңді маған қарап алартасың,
Тынышсыз мінезіңді айтсам жана.
Кісіге қай жеріңнен мін тағасың?
Ісіңнің етіп жүрген бәрі шала.


Байғыз бас, қысқа мойын, лақа мұрт,
Ақ көңіл және де емес көңілің сара.
Бұл айтқан сынауымның қатесі жоқ,
Нанбасаң, қолыңа айна алып қара.
Кете Жүсіп:
Өлеңмен егестің бе маған тиіп?
Қандайша мінезіме жүрсің күйіп?
«Балалық», «шалалықтың» бәрін айтып,
Үстіме бар сөгісті қойдың үйіп.
«Ісімнің шалалығын» қайдан көрдің?
Сөз айтпа сен түйеше теріс...
Қасыңа қалай-дағы халқың келмес,
Отырсаң аузыңа ашу күнде жиып.
Кемітіп ердің басын айтар ма едің,
Әркімнен ақылың сенің болса биік?
Көзіңнің айналасы көңкеленген,
Ұрының ажары бар жолы сұйық.
Дегенге: «лақа мұрт», аймықпаймын,
Көтерген ауыр жүкті мен ақиық.
Егеспе есің болса меніменен,
Қаларсың сөз таба алмай құр күйініп.
Күзен:
Сынасам, тентектікке түрің бейім,
Былайғы мінезіңді мен не дейін?!
«Балалық», «шалалықтың» бәрін айтып,
Аңдаңыз, пәміңді мен білгізейін.
Әркімге, әйел түгіл, ашу алма,
Сен болсаң жұртқа ақсақал артық зейін.
Шырайсыз, келіспеген түрімді айтсаң,


Деп пе еді біреу: «Атты мінгізейін!»
Бетіме көп ішінде құмды шашып,
Ойлап па ең: мені халыққа күлгізейін?
Екінші сөз сенікі – тастап кетсең,
«Әркімнен ерлігі оның асты» дейін.
Болмаса, босаңдығың білініп тұр,
Сөгіспен, кідіре тұр, тірі жейін.
«Атамнан артық тудым» десең-дағы,
Мінеки, мінезің бар күші кейін.
Ағаңмын, ақылыңды алдап айтсаң,
Мен неге әміріңді тәрік етейін?
Кете Жүсіп:
Мұндай сөз айтпас едің, ісінбесең,
«Пәмі» жоқ бұл сөзіңнің, түсінбесең.
Бетіңе мал секілді жайыларсың,
Қамшы ұрып, ақылыңды білгізбесем.
Әр уақыт менен сөгіс алмас едің,
Серкедей қара мойын болсаң көсем.
Еріңнің әр уақытта уытын тауып,
Әмірінен шығар едің тәрік етпесең.
Жаныңның ашитұғын жері бар ма?
Денемнің нәрсе қоймай бәрін «жесең».
Боласың һәммә елге мықты төре,
Ер сөзін егес қылмай екі етпесең.
Отырсам сенен қорқып төмен қарап,
Мен қайтып қатарыммен әзілдесем?
Күзен:
Бұл сөзді түсінбесең, түсіндірем,
Басыңды құр жылпылдап ісіндірем.


«Бас кеспек болғанымен, тіл кеспек жоқ»,
Нендей бір сөзің болса жауап берем.
«Ұратын» қаруыңның білдім жайын,
Мен не ғып қорыққаннан жерге кірем?
Қамшымен әйел халқы ақыл таппас,
Сонда мен қай ісіңді тәуір көрем?
Асықпай, ашу қылмай, тұра тұрсаң,
Кейінде сөгісім бар есіттірем.
Сәл жерде балалығың білінді ме?
«Ақылы озық шығар» деп-ақ жүрем.
Кете Жүсіп:
Адасар әйелге ақыл білдірмесек,
Білімге не боламыз ілдірмесек?
«Пейішке қатын бұрын барад» дейді,
Әр уақыт ерін күтіп, салса төсек.
Қалмассың қабырғамнан қанжығалап,
Әйелдің атын айтып білдірмесек...
Күзен:
Тасқындап сөзің кетті екі, үш рет,
Білімің – ғани деуші ем, қайда жүр ед?
Оқуың озығырақ, мектеп көрген,
Пейішке бармағымның жолын үйрет!
Исламның бес парызын бажай қылмай,
Сен неге болып жүрсің тәрік сүннет?
«Қонағым, өзіңе де қарай отыр», –
Дегендей неге керек құр қошемет?!
Ораза, намазбенен хабарың жоқ,
Жалғыз-ақ беріп жүрсің малдан зекет.


Шықпайын әр уақытта айтымыңнан,
Сәруарға әуел өзің болсаң үмбет.
Анықтап хақтың жолын айтсаң, білдір,
Дегенің дәлел емес, құр «пәлен ед».
«Төсекте түске дейін жат» деп пе еді?
Абзалы пайғамбарым ол Мұхаммед.
Пейіштен Адам сәпи шыққаннан соң,
Жылаған баябанда неше мүддет.
Адамды Хауанадан айырған соң,
Қошуақ болған еді ол пәлекет.
Үш жүз жыл бір-біріне қосыла алмай,
«Болды, – деп зар айлаған, – не хикмет?»
Алланың бұйрығымен, әйеліне
Теңіздің ортасында кез келіп ед.
Ол, неге «Қара жерге шық» демейді?
Әр ісі – әйеліне айтса міндет.
Ыржаңдап «қатыным» деп ырбаңдамай,
Ер болсаң, бұрынғы ердің еткенін ет!
Кете Жүсіп:
Менімен егеспекке еттің талап,
Отырсаң не бәле бар жайға қарап?
«Көңіліңе дық түсер» деп ойлап едім,
Жел сөзбен қоймадың ғой алдымды орап.
Үйінде отырмаса өсек айтып,
Не табар, әйел өзін дәуге балап?
Егесіп ердің сөзін екі қылса,
Қатынға, қалжың емес түсер талақ.
Билікпен, бектікпенен пеше қылмай,
Мейманға ерлікпенен бер сен тамақ.
Сен кімді бұл түріңмен қорқытасың?


Күнбе-күн отырасың түйіп қабақ.
Жанжал мен айқай, дауды «дос» деп тұтсаң,
Кетпей ме ызаланып келген қонақ?
Еншалла, біреуіне ұшырарсың,
Егестің біреуі бақ, біреуі дақ.
Мысалы мияссарлы мінезің бар,
Құдыққа «Көк қатындай» кеткен құлап.
Үстіне сондай бұзық түскеннен соң,
Пір, ишан болған екен дәу де жылап.
Сен соның өзімісің, қызымысың?
Қылығың айнымайды, көрсем сынап.
Жақпайды еткен ісің қолайыма,
«Ақылды» дейтін сені қандай қазақ?
Сөзіңді доғар енді, өзеуреме,
«Қасымнан кет» деуіме қалдың аз-ақ.
Күзен:
«Жел сөзді» ақылың болса, айтпа тасып,
Жұрт көрер таразыны кетсең басып.
Бір ауыз сөзге, «талақ боласың» деп,
Жөніңнен барасың сен неге адасып?
Сен менің қадірімді білмей жүрсің,
Дегендей: «Ауылдастың аузы сасық».
Айтайын бір хикая бұрынғыдан,
Сөйлессең жанабыма жақындасып.
Бар екен бір патшаның бір уәзірі,
Ажары патшағардың сонша жасық,
Әйелі Сақыпжамал ақылды екен,
Бір көрген дидарына болған ғашық.
Уәзір жұптысынан сұрады жауап,
Бір күні кешкі мәжілісте ұшырасып:


– Әйелім, түрім қандай, ажарыммен?
Тұрады қандай жанның ажары асып?!
Әйелі үш қайтарды: – «жақсысыз, – деп, –
Болады уәзірге бұл мінәсіп.
Болса да түрің жаман, ісің жақсы,
Сыпалық ақылыңа болған нәсіп».
Қатыны осы сөзді айтысымен:
«Талақсың маған, – деді, – қылма кәсіп».
Байынан мұндай сезді естіген соң,
Абайсыз әйелі де қалды сасып.
«Уәзір жақсы әйелін жіберді» деп,
Хан, халық есітеді араласып.
Падиша сол сұлуға адам салды:
«Ерінен, маған тисін, болса қашық».
«Мақұл, – деп айтты әйел, – мүддағам бар,
Шынымен патша маған болса ғашық.
Жетектеп көлігімнің басын, байым –
Апарсын мекемеге аяқ басып».
Уәзірге патша сонда қылды бұйрық,
Әйелдің айтуына ыңғайласып.
Хабарсыз сонда уәзір келе жатса,
Тұс-тұстан тұрады әркім құрма шашып.
Жүзігін қолындағы тастап әйел,
Дейді: – «Ерім, пұлды алып бер, көзіңді ашып».
Көз салып қараса, уәзір, гауһар жүзік,
– Сөйлейсің, – денді әйелге, – неге алжасып?
Бұл – гауһар, алтын айнып, мыс бола ма?
Айтымың лайықсыз жол адасып.
– Мені де тастарыңда, «пұл» деп едің,
Тиістің бет алдыңа ала қашып.
Патшаға сенен биік барам, міне,


Алтын боп, «пұл да» болсам, жаннан асып.
Уәзір сонда біліп қателігін,
Көңіліне қайғы түскен, жаман сасып.
Тентіреп жұрттан-жұртқа кете берді,
Көзінің жылауменен жасын шашып.
Керімі сол уәзір саған келіп,
Саныңды соғып қал ма, аузыңды ашып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу