Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  93


Автор: Кәкімбек Салықов

БАҚЫТҚАН САЛҒАН СУРЕТ

О, ғаламат! аңсап жетіп жиылдық,
Көрмей кету... одан аспас қиындық.
Астанада Президент сарайын
Нұр жайнатқан суретке үнсіз сиындық.
Отты көздер өр қиядан таймастан,
Қос жұдырық қос тізеге жайғасқан.
Махамбет отыр малдас құрып қасқайып,
Зор тұлғасы аумай құба жартастан.
Бәйтеректей қалған құмды Нарында,
Ұқтық батыр іште қапа, зарын да.
Исатайдың азасына ашынып,
Айға шабар арыстандай шағында.
Қос шұдырық қос шоқпардай түйілген,
От жиыпты он саусағы күй ілген.
Ел рухын отыр жалғыз көтеріп,
Таудай талап талқан болып күйінген.
Кең далада жалтарынбай, сұранбай,
Көз тартады өрде ақиық қырандай.
«Ереуіл атқа сал еріңді қайтадан!»
Деп айтар сөз саңқ етер ме ұрандай?!
Алла дедім таңғалдырып сурет,
Қарай бердім, бір емес-ау, мың рет.
Бір уыста бірлікті нық ұста деп
Сурет емес, отыр тірі құдірет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу