Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  86


Автор: Серік Тұрғынбеков

«ҰЛЫ ХАЛЫҚ»

Ұлы дейміз Біреуді,
Ұлылығы Зор ма екен?
Ұжұмаққа апарар
Ұлы Жібек жол ма екен?!
Айнымасқа ант берген
Анталаған қол ма екен?
Дәстүрімді дәріптеп,
Салтымызды сақтаған
Қай данышпан болды екен?!
Ағыны күшті дария
Ағыл-тегіл төгіліп,
Толқыны жарға соғылып,
Қашан тасып толды екен?!
Үскірікте үсітпей
Үске жапқан ішіктей,
Қаңтардағы аяздан
Қаймыққанда қымтанған
Қамқа жаға тон ба екен?
Басқанікі теріс те,
Оныкі тек оң ба екен?!
«Өлмегенің өремқап,
Алдыменен өзімді
Жарылқайық!» – дегені,
Жарандар-ау, жөн бе екен?
Қыран бүркіт тепкіні
Қаршығамен тең бе екен?
Бұл жалғаннан жай таппай,
Ұлылығын байқатпай,
Жылылығын сездірмей,
Туа біткен алыпты,
Мына біздей халықты
Жүрсе-дағы көзге ілмей,
Ұлы дейміз Біреуді...
(Пікір бар-ау не түрлі),
Жалғыз Құдай секілді
Жалғыз Ұлы сол ма екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу