10.06.2022
  105


Автор: Серік Тұрғынбеков

ОРЫНБОРДА

Орынбор,
О бастан-ақ біздің қала,
Жем болып –
Қарғаға да, құзғынға да.
Кеңестің кебін киіп
Қызыл тулы,
Тиген соң,
Ел билігі – тізгін жаңа.
Білмеймін жас қала ма,
Бас қала ма?
Тарихы жазылғандай тасқа жаңа.
Қаз тұрып,
Қазақ елі –
АССР боп,
Айналды ең алғашқы Астанаға.
Патшалар отыратын тақты ойлаған,
Басқалар басқа түсер бақты ойлаған.
Ежелден –
Шақшақұлы ер Жәнібек
Қалаға қазық қағып, ат байлаған.
Біз қалай,
Босқа бұғып жан бағамыз,
Тарихты оқып-біліп таңданамыз.
Орнында Орынбордың
Орда тігіп,
Орныққан Әбілхайыр хан бабамыз.
Қала бұл –
Кенесары дабыл қаққан.
Абылай ақбоз атын ағындатқан,
Күйлерін Құрманғазы күмбірлетіп,
Жырларын жас Махамбет жалындатқан.
Ептілер тізелерін батырған жер,
Тектілер бармақ тістеп отырған жер.
Абайдың алдыменен сөзі жетіп,
Ыбырай Алтынсарин оқыған жер.
Батырлар семсер ұстап серттескен жер,
Ақындар жыр тұлпарын ерттескен жер.
Ат қойып газетіне «Қазақ» деген,
Ахмет, Міржақыптар тер төккен жер.
Сол жердің,
Орталығы Орынборда,
«О, Тәңір, бастай гөр, – деп, – жолымды оңға».
Совнарком төрағасы –
Сәкен отыр,
Ширыққан от пен алау-жалындарда.
Дауысы сұңқар сынды жетіп төрден,
Шыңға да биік шырқап кетіп көрген.
Батыры ол
Бүгінгінің,
Біз білетін –
«Тар жолдан... тайғақ кешу» өтіп келген.
Өзі де арғымақтай арындап тұр,
Билікті бір қолға ұстап, қарымдап тұр.
Кеңестің кезі келген сәтін қолдап,
Жырлары – жай оғындай жалындап тұр.
Аянып қалар жер жоқ қазағынан,
Сәкеннің ары таза о жағынан.
Түрменің темір торын быт-шыт қылып,
Құтылып абақтының азабынан.
Қыран ол,
Қиып түсер нағыз қыран.
Сол үшін терін төгіп, ағызды қан.
Ән-жырын жүрегіне тоқып, жаттап,
Ерлігін елі-жұрты аңыз қылған.
– Қырғыз да батыр халық,
Ақын – ерен,
Тарихы, тағдыры бір –
Затыменен.
Қазақты – қазақ дейік,
Қай елді де,
Өзінің атау керек атыменен.
Осылай «Еңбекшіге» тастап ұран,
Тудырмай шежіреге босқа күмән.
Қойды ол
Ел мүддесін жоғарыға,
Өзінің күйкі тірлік,
Бас қамынан.
Осы ғой –
Елдің еркін азаттығы,
Туғанда Замананың ғажап күні.
Кеңседе іс қағазы,
Қай кезде де,
Үстемдік алып тұрсын қазақ тілі.
Іске асып айтқаны да, жазғаны да,
Өкімет гүлдеп жатты өз бағында.
Мәселе шешуінде іс түйінін,
Мәселе қалай соны қозғауында!
Халқының батырларын, берендерін,
Тарихын, ел құлағы елеңдерін.
Ақанның әндеріне сұрау салып,
Жинақтап Шәкәрімнің өлеңдерін.
Бәрін де жүрегіне жақын етті,
Сондықтан шартарапқа аты кетті.
Көтеріп төбесіне,
Той жасады,
Алаштың ардагері – Ахметті.
Жігіттің алды – жақұт, арты бақыт,
Үмітін, болашағын халқына артып.
Ұстазды Нәзипадай үлгі тұтып,
Шолпандай жыр жұлдызын жарқыратып.
Бермеді шабыт кімге, бағыт кімге,
Шегесін шетін жердің қағып күнде.
Жетектеп өз үйіне алып келіп,
Оқытты Сәбитті де, Ғабитті де.
Құтқарып қиындықтан,
Әрі азаптан.
Салмақтап әрбір ісін саралатқан.
Арудың талайларын,
Алып қалып –
Еріксіз байға кетіп бара жатқан.
Қалған ол талайлардың сауабына,
Айтысса жауап беріп сауалына.
Батыр ол,
Қылыш – сөзін қару етіп,
Барса да қаймықпаған жау алдына!
Халыққа газет ашып,
Жорнал ашып,
Халіне нашарларлардың мол қарасып.
Елдің де еркіндігі сезілгендей
Болған соң,
Бойда – білім,
Қолда – кәсіп.
Көлденең жүрген жан жоқ,
Дау ізденіп,
Тәртіп бар –
Ішім-жемге ауыз берік...
Әттең-ай,
Бәрін быт-шыт қылды бірден,
Билікке Голощекин жауыз келіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу