10.06.2022
  157


Автор: Серік Тұрғынбеков

БЕТБАҚДАЛА БОЙЫМЕН

Арқаның Бетбақ деген даласы бар,
Ақтаңдақ, боз топырақ, қарашұбар.
Бір жылы сол Бетбақты көктей өткен,
Қазақтың Сәкен сынды баласы бар.
Сол Сәкен келе жатыр Бетпақпенен,
Аңызақ,
Арпалысып аптаппенен.
Бір құдық кезігеді ара-тұра,
Ауызын жауып кеткен қақпақпенен.
Ұқсайды бір жауынгер жарадарға,
Ағызып қан күреңін барады алға.
Білдіріп бір тіршілік бар екенін,
Ұшады анда-санда ала қарға.
Жүрісі қан күреңнің ұлы жортақ,
Бәріне келе жатыр ол таңырқап.
Баялыш, бетегенің басын шалып,
Соғады анда-санда жел қоңылтақ.
Осы ғой көңілінің аңсағаны,
Ер Сәкен бәрін көріп тамсанады.
Өзінен өзге жанды сезбеген соң,
Айқайлап өз өзінен ән салады.
Қаумалап кеудесінде сан сұрақтар,
Санасын сансыз рет сансыратқан.
Қалт етіп,
Сәкен әнін тыңдай қалған,
Інінен жаңа шыққан саршұнақтар.
Өзі де шабыттанып, көріктеніп,
Бекініп ат үстінде,
Беріктеніп.
Жазықта бауыр жазып алады бір,
Құйғытып –
Қанкүреңге ерік беріп.
Жатқанын
Жүрегінде дертін жұрттың,
Сездіріп –
Сергіттің де,
Серпілдірттің.
Сегіз ай тас түрмеде жатқан Сәкен,
Қадірін жаңа білді еркіндіктің.
Бетбақтың жері тұйғын,
Шөбі шүйгін.
Табиғат баға жетпес берген сыйдың.
Салт атпен
Сардалаға шыққан кезде,
Күмбезін көтереді көңіл-күйдің.
Ақ сояу, қоңыр жусан, қара жусан,
Табылар сайдың бойын ала қусаң.
Итсигек, түйеқарын, сартораңғы,
Изені ебелек пен... қанша мың сан.
Бәріне Қанкүреңді қарайлатпай,
Қасына аң-құстарды маңайлатпай.
Жүре алмас ақын адам айдалада,
Көңілге күй кіргізіп, ән ойнатпай.
Кезіксе қарсы алдынан түлкі, қарсақ,
Жүргені – мың күн тілеп, бір күн аңсап.
Ағызып Қанкүреңнің терін алып,
Қалғандай болар еді-ау шері тарқап.
Қарашы, ойда жоқта мына кепті,
Бірдеме дөң астынан бұлаң етті.
Сәкен де Қанкүреңін бір тебініп,
Соңынан жеде қабыл қуа кетті.
Бесатар белдігінде алған түйіп,
Қол салып,
Болжап қояр бойын жиып.
О, ғажап!
Көлденеңдеп өте берді,
Алдынан,
Арып-ашқан ақсақ киік.
Қалт етіп тұра қалды Сәкен аяп,
Қалды да ақбөкенге сәл-пәл таяп.
Шылбырын баялышқа іле салып,
Атынан қарғып түсті ойланбай-ақ.
Қашпады байғұс бөкен,
Қалжыраған.
Жасаурап көзінен жас сәл жылаған,
О, ғажап!
Терісіне тұр ілігіп,
Бөкеннің бір сирағы салбыраған.
Қандай жан аңды атып,
Құсты құртып.
Қуған-ау ақбөкенді ышқындыртып.
Сирағын ақбөкеннің орап-байлап,
Жалма-жан
Көйлегінің жеңін жыртып.
Бөкенді жараланған аяп енді,
Армансыз арала деп сая-белді.
– Ал, енді жолың болсын,
Ақбөкен – деп,
Бір сипап сауырынан қоя берді.
Ақбөкен ойнақ салып соны ұққандай,
Бойынан тез ыдырап торыққан жай.
Адамның аяулысы,
Ақ ниетті,
Аялы алақанға жолыққандай.
Берсін деп бойға қуат дала нәсіп,
Бір сезім алға қарай ала қашып.
Жөнеді ақбөкен де,
Бетбақ шөлде –
Сар дала,
Сар сағыммен араласып.
Сонда да ақбөкенге таяу барып,
Жүрісі бірте-бірте баяуланып.
Ақбөкен асыр салып кеткенменен,
Ақынның жүрегінде қаяу қалып.
Біреудің көңілі бай, жаны жарлы,
Тең етпей, тәңір шіркін, жоқ пен барды.
Аяған ақбөкенді ақын байғұс,
Ағытты көкіректен ащы зарды:
– Бетбақтан келе жатыр ақсақ киік,
Бір жүріп, бірде тоқтап басын иіп.
Қоярға шыбын жанын жер таппайды,
Көзіне аңшылардың болып күйік.
Тамады қара жерге аққан қаны,
Қиналып ентігеді шыбын жаны.
Боялып ақ денесі қызыл қанға,
Келеді әлі кетіп жығылғалы...
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Басқаға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді,
Адамның баласынан кем көрмедім.
Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,
Мың-мыңдап баяғыда жүреді екен.
Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,
Кездесер анда-санда саяқ-некен.
Кей адам әдет қылған киік атып,
Мүйізін пайда қылып шетке сатып.
Сандалған бір киікті ұшыраттым,
Бір жылы Бетбақ шөлде келе жатып.
Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап анда-санда әлін жиып.
Ақбөкен сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай адам көзі қиып.
Ақбөкен сахарада қына терген,
Кім екен жапан түзде сені көрген.
Аяныш сезімі жоқ бір адам-ау,
Дәл көздеп жүрегінен атқан мерген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу