10.06.2022
  132


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚҰМКЕШУ – КҮЙІК ҚЫРҒЫНЫ

Тасты менен Татырдың
Арасында күнде шу.
Қазір Кейкі батырдың
Мекен-жайы Құмкешу.
Кім түгендеп санамақ,
Әскері бар екі мың.
Құмкешуді паналап
Жатқанына жеті күн.
Алғаннан соң бір кіріп,
Қандай жайлы құм іші.
Қалың әскер іркіліп,
Кеңігендей тынысы.
Жұмақтай боп көрінген,
Туған елдің бір шеті...
Қазып қалған жеріңнен
Су шығады бұрқ етіп.
Құмкешудің жерінің
Асты – бұлақ, үсті шөп.
Майда құмы керіліп
Жата қалсаң – құс төсек.
Айқай, жанжал, шыққан дау,
Естіледі тұншығып.
Анталаған сырттан жау
Тыға алмайды тұмсығын.
Қара түнді бүркеніп,
Аңдап басып ақырын.
Жау жағының бір тобы
Кіріп еді жасырын.
Ұйықтамайды кей түні,
Кірпіктері ілінбей.
Жігіттері Кейкінің
Ұстап алды тірідей.
Салып әбден азапқа,
Көздеп тұрып тас атты.
Жасағанын қазаққа
Өздеріне жасатты.
Демегенді дегізді,
Өткізбеді босқа күн.
Қойдың қиын жегізді,
Қоң еті деп шошқаның.
Жаландаған аш бөрі,
Бітіп айла, ақылы.
Ақ патшаның әскері
Кері қайтты ақыры.
Құр қайтпапты кәззаптар,
Ызасы әбден өтіпті.
Жолдағы елді азаптап,
Қан жоса ғып кетіпті.
Шауып кетіп бейкүнә,
Қамсыз жатқан ауылын.
Өлтіріпті Кейкінің
Бірге туған бауырын.
Әкесі мен шешесін
Өлімші ғып кетіпті.
Жайсыз хабар ертесін
Кейкіге де жетіпті.
Қабағына тас қатып,
Қарайламай артына,
Хабар алған хас батыр
Қамшы салған атына.
Көкіректі шерлі еткен,
Күйіп-піскен пішінде.
– Жатыр, – депті, – жендеттер
«Күйік» – қопа ішінде.
Қысқа беріп бұйрықты,
Тура тартқан батырың.
Құмкешу мен Күйіктің
Арасы жүз шақырым.
Тартты батыр асығып,
Күйік қысып «Күйікке».
Күзгі бүлттар асылып,
Салбырайды биікте.
Бір белгісіз жауабы
Аспан асты бір мұнар.
Араласып жауады
Бірде жаңбыр, бірде қар.
Ештеңеге қарамас,
Табылғанша керегі.
Қар, жаңбырмен аралас
Құстай ұшып келеді.
Аққан селге, тасқынға.
Қарсы шығар тұра қап.
Аман болса астында
Шалдықтырмас шұбар ат.
Аспан бұлты сіресіп,
Қорғасындай тұнады.
Арт жағынан ілесіп,
Қалың әскер шұбады.
Қан майданда ұрыспай,
Белгілі ғой тынбасы.
Соның бірі Қылышбай
Ер жауынгер – мыңбасы.
Қырағы еді Қылышбай,
Қалды байқап бір жайды.
Оң қапталда терең сай –
Жасырынса ыңғайлы.
Көз жіберіп қараса
Көрінеді көп атты.
Былай барып, оңаша
Бір-екі рет оқ атты.
Тыныс алып төс керіп,
Дем алмақ боп анығы.
Ақ қазақтың әскері
Осы екенін таныды.
Жазып біраз бауырды,
Тынығатын хошы бар.
Күні кеше ауылды
Қырып кеткен осылар.
Байқамайтын еш пенде,
Сайдың іші өте кең.
«Күйіктегі» әскерге
Бара жатқан беті екен.
Бір-екі күн тосылып,
Терең сайды жайлады.
Сол әскерге қосылып
Қайта шаппақ ойлары.
Жатқан кезде тыныш жай,
Ойда жоқта келгенде,
Мұны байқап Қылышбай
Белгі берді мергенге.
Сол-ақ екен, хас мерген,
Құстай ұша жөнелді.
Жан емес ол сескенген,
Ойламайды «өлемді».
Қиқулатып салды айқай,
Көрген емес жасқанып.
Сай ішінде бір сойқан
Сатыр-сұтыр басталып.
Тағат таппай жүр еді,
Жау қайда деп қармалап.
Көктен күткен тілегі
Табылғандай жерден-ақ.
Ағып түскен жұлдыздай
Жасын дерсің айбатты.
Орынынан тұрғызбай
Он шақтысын жайратты.
Қолға түсті қапыда,
Жағдайы жоқ бап таңдар.
Жайдақ мініп атына
Қашып бара жатқандар.
Кек қайнаған пішінде,
Әбден қанға сусапты.
Жарты сағат ішінде
Жиырма бесін жусатты.
Шыдатпады жауды да,
Түріп шеттен қусырып.
Шұбар аттың бауырына
Бір кіреді, бір шығып.
Салғыласып қаншама
Жаудың сорын қайнатты.
Қанша атыс болса да,
Дарытпайды бойға оқты.
Жекпе-жекке құмар-ақ
Кейде тіпті белдесіп.
Ойқастайды шұбар ат
Омыраудан қан кешіп.
Қасындағы Қылышбай,
Алған ол да қызынып.
Тәнті болды ұрыста,
Ерлігіне қызығып.
– Осы ғой, – деп, – тәуірім,
Серік болған жасынан.
Кейкі батыр бауырын
Тастамайтын қасынан.
Осы «тәуір» бұл жолы,
Батырлығын танытты.
Жауды жеңіп, олжалы
Ырза қылды халықты.
Бірін-бірі құп алып,
Қоймайды екен кектессе,
Артындағы шұбалып,
Қалың әскер жеткенше.
Қан сасытып маңайын,
Қып-қызыл боп көк алап.
Дұшпандардың талайын
Жайратыпты екеуі-ақ.
Терең сайға бас сұққан,
Санағанда деректі.
Екі жүздей қас-дұшпан
«Жаһаннамға» жөнепті.
Қайтып жаудың меселі,
Қолға түскен деседі.
Зеңбіректің екеуі,
Пулеметтің бесеуі.
Қарап еді қатар сап,
Мылтық саны жүз болар.
Сегіз-тоғыз тапанша,
Бесатары және бар.
Қалың әскер қайтадан,
Күйік жақты бетке алды.
Шеттерінен майталман,
Құр жібермес қаққанды.
Қылышбайдың мың қолы,
Айқасады анық бұл.
Амангелді бұл жолы
Құмкешуде қалып тұр.
Қошқар шалып ақсарбас.
Құлшылығын еткен-ді.
Осы жолы көп сарбаз
Кейкіге еріп кеткен-ді.
Сапта тұрған қас қақпай,
Жайды байқап жолдағы.
Әлмағамбет, Баспақбай,
Қарабайдың Әлжаны.
Сөзінде жоқ дерегі,
Өзі де бір сұмырай.
Артқы жақта келеді
Ағамбеков Ыбырай.
Кейбірінде сыр басқа,
Көз алдында тек елес.
Көпке ілесіп құр босқа
Жүргендер де жоқ емес.
Найзалары жарқылдап,
Көңілдері – биікте.
Қалды, міне, жақындап
Қалың қопа – Күйікке.
Жауыздардың басшысы –
Қалың қолды әскердің.
Білгің келсе ныспысын,
Қанды жендет Качергин.
Қаңтар айы қақаған,
Қарыс қадам бастырмай.
Жатып алып қопада
Қой аңдыған қасқырдай.
Қаруланған бәрі де,
Қырамыз деп қазақты.
Кейкілердің әлі де
Ой-мақсаты азаттық!
Қалды жендет аңырып,
Құртпақ болып қаскөйді.
Қара түнді жамылып,
Көк желкеден лап қойды.
Сатыр-сұтыр түн іші
От-найзағай жанғандай.
Бітетіндей жұмысы
Жаудың бағы тайғандай.
Зеңбіректер сірескен
Жұмысы жоқ түкпенен.
Мұншалықты көп әскер
Келеді деп күтпеген.
Бұлты торлап аспанның
Қапас болды – қара түн.
Қимылдауға қас жаудың
Келтірмеді шамасын.
Түн екен деп қысылып,
Қиналатын Кейкі жоқ.
Ұмсынғанын ұшырып,
Түсіретін ержүрек.
Осы күні бар сарбаз
Қасында боп батырдың.
Бір кісідей атқарды,
Зор шайқасты ақырғы.
Қашты жаулар... не керек,
Сансыз сарбаз соңында.
Зеңбірек пен пулемет
Қазақтардың қолында.
Уа, оқушым осыны ұқ,
Бітті жаудың жұмысы.
Пулеметке қосылып,
Найзасы мен қылышы.
Ер Қылышбай топ бастап,
Салды қиқу жендетке.
Шоқ қамысқа от тастап,
Сосын барып жеңбекке.
Қар аралас қамысқа,
От та бықсып жанбайды.
Жауынгерлер намысқа
Ерлік ісін жалғайды.
Челябіні бетке алып,
Қашып кетті Качергин.
Өз борышын атқарып
Жеңгендігін әскердің.
Көрді көзі Кейкінің,
Тұңғыш рет сүйініп.
Жасырғандай кейпінен
Тамшы жасты үйіріп.
Түсіргендей осы сәт
Шын жеңгенін жауын да.
Қылышбайды құшақтап
Басты батыр бауырға.
Мәре-сәре сан сарбаз.
Кеуделерде нұр үміт.
Қақап тұрған қаңтар да
Кеткендейін жылынып.
Қалған екен атып таң,
Сәуле шашып белеске.
Енді қайтып қас-дұшпан
Кеткендейін келмеске.
Қайран сабаз батырың
Бәріне де төзгендей,
Еркіндіктің қадірін
Енді ғана сезгендей.
Көзінен жас сорғалап,
Құдайына сыйынған.
Кейкі батыр тұр қарап
Ұлан байтақ қиырға.
Ала сәуле қаптады,
Алаптарға сібірлеп.
– Азаттықтың ақ таңы
Болғай! – деді күбірлеп.
***
1917. Аязды ақпан.
Арқаның кең даласын ақ қар жапқан.
Бір хабар гулеп кетті елдің ішін,
– Ақ патша құлады деп алтын тақтан.
Дүние ішін тартып алды демде,
Бұл хабар тез тарады барлық елге.
Бұл хабар онша жайлы естілмеді,
Әуелден ауқаттыға, әлділерге.
Бұл хабар бірте-бірте есіп желдей,
Тарады тау, далаға тізгін бермей.
Естіпті есіктегі құл-құтандар,
Теңесіп кетеді деп бай мен кедей.
Құтырып қайдағы бір жырындылар,
Сездіріп алды бірден сырын бұлар.
«Кедейге көке десең...» деген сөзді
Тектен-тек айтпаған ғой бұрынғылар.
Түскендей ұнжырғасы болыстардың,
Білмейді соқтыққан кім, болысқан кім.
Гүжілдеп күні туып шыға келді
Қамалған казармада орыстардың.
Ескінің әдеті мен ғұрыптарын,
Жаратпай бұрынғының қылықтарын.
Кедейлер байға қарай шошаңдатты
Кешегі қой қайырған құрықтарын.
Қалың ел мәлім емес жай-жапсардан,
Не пайда елдің сорын қайнатқаннан.
Белгісіз бір саясат билеп алды,
Кедейді байға қарсы айдап салған.
Түсірмей түсіндіріп әбігерге,
Бас болды Әбдіғапар қалың елге.
Шақырды жұртшылықты салауатқа,
– Мұндайда бірлік артық бәрінен де!
Келтіріп ауыл-елді бір қалыпқа,
Бас болды Әбдіғапар бұл халыққа.
Әр ауыл өз тірлігін жасап жатты,
Қой сойып, атан шалып құрбандыққа.
Осылай қамқор болып қалың елге,
Келтірді жалпақ жұртты мәмілеге.
Әркімдер уәкіл боп келіп жатыр,
Білмейді саясаттың мәні неде?!
Кешегі өтті күндер майдандасқан,
Халық па күнде думан-тойдан қашқан.
Кейкі мен Амангелді қол ұстасып,
Ел-жұрттың ортасында жайраңдасқан.
Халқының ардақтысы батыр деген,
Жанына туған елі жақын көрген.
Дүңк етіп жетті хабар желдей есіп,
– Мәскеуден Әли келе жатыр! – деген.
– Айқасса кедейлерің байларыңмен,
Біреудің ісі болар айла білген.
Әліби, – депті біреу, – керек болса,
Кешегі қанды айқаста қайда жүрген?!
– Жүр ме екен жансыз болып ізіңді аңдап,
Көріңдер ісін тергеп, жүзін барлап.
– Ленин деген біреу желіктіріп
Қолына берген дейді қызыл мандат.
– Секілді қызыл мандат – қызыл қылыш,
Болмаса қиып түсер сөзің дұрыс.
Сонан соң алға түсіп зымырайсың
Салғандай құйрығыңа қызыл бұрыш.
Ах, шіркін, айта берсең арман-ой көп,
Бұл өмір жоққа – жұрдай, барға – бейнет.
Кетпейік Әлібидің жетегінде,
Қызылға үймелеген қарғадай боп.
Ойға алған оңға асса бар ісіміз,
Қосылса арман-мақсат, намысымыз.
Тілек сол – аман болсын тіл мен көзден
Ардақты Әбдіғапар арысымыз!
Бұл өзі бірдің емес көптің сөзі
Алаулап жанғандайын оттың көзі.
Халықтың қалжыраған кезеңінде
Бас қосып бірігетін болды кезі!
***
Торғайға жетті Әліби жеделдетіп,
Ел-жұртты хабарымен елеңдетіп.
Қатыспай қанды майдан қақтығысқа,
Қалған кез – бағы тайып, бедел кетіп.
Өткен жыл салып кетті таңбасын да,
Жетерлік тарихы бар сан ғасырға.
Жүргені Әлібидің дұрыс еді,
Шайқаста – Әбдіғапар хан қасында.
Белгісіз кімнің шыққан пайдасына,
Кім кепіл талай жолда таймасына.
Сарбаздар зәру еді қақтығыста
Күші емес, Әлібидің айласына.
Артық па, атой салып сапта мына,
Халқының айналса егер мақтанына.
Әліби ту көтеріп,
Туған елді
Шақырса Азаттықтың ақ таңына.
Парызы болар еді өтелгендей,
Күй кешті бөгде біреу бөтендердей.
Асығыс енді бүгін келіп отыр,
Мойнына ауыр міндет көтергендей.
Көңілдің бұрынғыдан күйі бөлек,
Өмірдің ұсынатын сыйы бөлек.
Тіреді аттың басын сонда Әліби,
Туысы – Байқадамның үйіне кеп.
Бұл жолғы тым асығыс кейпі неден,
Қаншалық кеудесіне ой түнеген.
Әліби Байқадамға салды қолқа,
Келсін деп Амангелді Кейкіменен.
Арманы Әлібидің айдан анық,
Белгілі келгені де қайда барып.
Қоспақшы қос батырды өз жағына
Беделін Байқадамның пайдаланып.
Әліби дайындалды айтар «әнді»,
Үй-іші қамдап жатыр тайқазанды.
Сыйлайтын елден ерек құрметтеп
Кейкі мен Амангелді Байқадамды.
Байқадам келген кісі кемеліне,
Елінің әзірге сол сенері де.
Кешегі қанды майдан қақтығыста
Бұларға аз болған жоқ көмегі де.
Әліби отырғандай соны біліп,
Жүретін большевиктің жолын ұғып.
«Апыр-ай, бұлар қалай болады?» – деп,
Көңілі Байқадамның толы күдік.
Белгілі болғаннан соң ойдың беті,
Асылды тайқазанға тайдың еті.
Ойлайды екеуі де «Әлібидің
Өтті деп қай еңбегі, қай міндеті?!»
Болмайды өзін-өзі қинағаннан,
Там-тұмдап аз беделді жинағаннан.
Кейкі мен Амангелді келіп отыр
Бұл үйге Байқадамды сыйлағаннан.
Өзінше отырғанмен іші кейіп,
Әліби сөз сөйледі кішірейіп.
Біріміз-бірімізді сынай бермей,
Дегендей, «бұдан былай түсінейік».
Содан ба әңгіме айтты жылы ұшырап,
Тұрғандай екеуіне мұнысы ұнап.
Сыңайы Әлібидің осы жолы
Көрінді бұрынғыдан дұрысырақ.
Әліби сөз бастады:
– Қос қыраным!
Қандырып туған-туыс, дос құмарын,
Елдегі орысың бар, қазағың бар,
Кез келді бір шырқайтын достық әнін.
Кез келді орыс-қазақ бірігетін,
Таң атып, түн түндігі түрілетін.
Орнатып Кеңес деген үкіметті,
Жүреміз бірге көріп құрметін.
Бұл байлар көнбей қойып жөнге тіпті,
Жараны жүректегі меңдетіпті.
Байларды аластаймыз, есесіне
Көтеріп кедей-кепшік, кем-кетікті.
Билікке жөні түзу орыс келді,
Мекен-жай, қазақтарға қоныс берді.
Болмайды бұдан былай біздің жерде,
Патша да, хан да, тіпті болыс та енді.
Бар билік беріледі бір адамға,
Жиылып, елдің басын құрағанда.
Басшымыз бұдан былай нағыз дана,
«Ленин, Ленин!» деңдер, сұрағанға.
Өзгеріп жатыр міне, заман өстіп,
Біз көбін білмейміз ғой, далада өстік.
Кедейді қолдау үшін, байды құртып,
Кіріңдер партияға коммунистік...
Болмайды бізде қырқыс, талас деген,
Ұран бар: «Кемтарларға қарас!» деген.
Байларды қолдау үшін бір бүйірден
Шығыпты бір партия Алаш деген.
Кедейміз – біз кірмейміз ол Алашқа,
Дос басқа, бұл күндерде жора басқа.
Басшысы – Бөкейханов, бұдан былай,
Ант еттім, енді оларға жоламасқа!
Теппейік басқа келген бұл бақытты,
Құр жатпай Алаштар да үн қатыпты.
Алыпты өздеріне мүше қылып
Біздегі Ахмет пен Міржақыпты. –
Сөзіне құлақ аспай ағындаған,
Кейкі ғой бұра тартып бағынбаған:
– Кедей ғой Ахмет те, Міржақып та,
Мүше ғып Алаш қалай қабылдаған?
Дегенде, бір мүдіріп Әлібиің,
Не дерін білмей қалды, – Ондай ұйым
Тарайды көп ұзамай, – деді-дағы,
Өзінің айта берді көңіл-күйін.
Жайы бар өз дегенін жиі ұқтырмақ,
Бәрінен өзі ғана биік тұрмақ.
Әсерлі Әлібидің әңгімесін
Қалыпты Амангелді ұйып тыңдап.
Шамасы соның жолын таңдап отыр,
Әліби онан сайын толғап отыр.
Ақылдың таразысын тартып қойып,
Байқадам әрбір сөзді аңдап отыр.
– Қайттым мен Лениннің жүзін көріп,
Қаласаң қолдарыңа тізім беріп,
Біз енді ақ емеспіз, болашақта,
Күрессек, күресеміз қызыл болып!
Қолымда билігім бар – қызыл мандат, –
Дегенде, Әлібидің жүзін барлап,
Жаратпай Кейкі батыр бір қарады:
– Турасын айтшы, нең бар бізден алмақ?!
– Алмағым, – деді Әліби, – соңыма еріп,
Қос мерген боласыңдар маған серік.
«Военком», Амангелді, сен боласың,
Ал, Кейкі, уәде қыл, қолың беріп!
Кейкі айтты:
– Келіп пе едің бағындыра,
Білмеймін қызылыңды, ағыңды да!
Жер жүзін шарлағанда бар көргенің,
Біз болып – осы арадан табылды ма?!
Кейкінің шарт түйіліп қас-қабағы:
– Бар мұнда әңгіменің басқа жағы.
Елімді, ауылымды қырған орыс
Қалайша енді бізге дос болады?
Әліби түсіндіріп қысқа жайды,
Өзінше қос батырды қысталайды:
– Жауларың – ақ әскері, қызылдар – дос,
Ол орыс бұл орысқа ұқсамайды!
– Ешкімді көндірмейсің қара күштеп,
Ойың бар бәріне де ара түспек.
Мен үшін, – деді Кейкі, – көрінеді
Кездескен сары орыстың – бәрі орыс боп!
Жүрмейді саясатың маған бұл тек,
Отырсың бір шындықтың бетін бүркеп! –
Кейкіні ашу кернеп кетті шығып,
Қамшысын екі бүктеп, бір-ақ сілтеп.
***
Қашаннан қызыл қанды аңсап өткен,
Ұр да жық – ұран тілін мансап еткен
Өзінің өлер күнін білмейді екен,
Бәленің бәрін білген бәлшебектер.
Биліктің төбесінде тұрып алып,
Кейбіреу қарсыласса қырына алып.
Бөледі руыңа, жүзіңе де,
Қазақтың осал жерін біліп алып.
Әуені естілгендей мұңлы зардың,
Күткендей тезге түсер сынның алдын.
Ел тегі тез-ақ біліп шыға келді –
Екенін кімнің қыпшақ, кімнің арғын.
Құшағын қай халық бар жауға ашатын,
Кез келді – бой тасалап тауға асатын.
Ағасы інісіне қырын қарап,
Әкесі баласымен жауласатын.
Арасы ағайынның араз болып,
Тақасып, бір-бірімен талас болып.
Бөлінді елдің іші екі жікке,
«Большевик, енді бірі – Алаш» болып.
Осы ғой ел ішінің бұзылғаны,
Жүрген көп бір-бірінің ізін бағып.
Міржақып, Ахметтер – Алаш болса,
Әліби, Амангелді – қызыл жағы.
Толқу көп Орынбордың аймағында,
Білмейді кімді басшы сайларын да.
Сұраса, Кейкі айтыпты:
– Мен сондамын,
Болса егер Әбдіғапар қай жағында.
Айырып ара жігін бай мен кедей,
Болғандай бірі – бауыр, бірі – өгей.
Жантайып Әбдіғапар жатып алды,
Қосылмай мол дүрмекке, көп үндемей.
Бұл жайға Амангелді болып алаң,
Дегендей, «қайтып енді жолыға алам!»
Шама жоқ енді артына қарайлауға,
Серттесіп Әлібидің қолын алған.
Айғырдай жерді тарпып кісінеген,
Бүлінді бұл Заманның ісі неден?!
Алаштар ақылменен алмақ болса,
Қызылдар қорқытады күшіменен.
Айлакер, өз ісіне асқақ жетік,
Сертіне сенген әбден тастай бекіп.
Тұрғандай бұл араның мысын басып,
Әліби қайта-қайта Мәскеулетіп.
Бір гәп бар не болса да жоғарыда,
Дөп келер уақыттың соғарына.
Әйтеуір, қан төгіліп
Әлдекімнің
Қалмаса болғаны да обалына?!
Осыны ойлағанда Әбдіғапар,
Бойына тарамайды дәмі татар.
Бәрін де былқ еткізбей ұстар еді,
Әттең-ай, табиғаттың заңы қатал.
Жалғасып осылайша күні түнге,
Ел ішін дәті бармас ірітуге.
Бар ғой деп оқығаны, тоқығаны
Үзбейтін Әлібиден үмітін де.
Әліби қатты қолдап қызыл жағын,
Өзінің шын байқатты «бұзылғанын».
Өзі де ептеп байқап жүруші еді,
Осындай ел ішінде ызың барын.
Сол ызың айналғандай енді расқа,
Бір қатер осылайша төнді басқа.
Кешегі басын қосқан қайран халқы
Қалмасын зар еңіреп қанды жасқа.
Өзіне әркім жасар жарастығын,
Соқтырар қайда апарып талас бүгін.
Ахмет, Міржақыптар аман болса,
Қайтсе де көтереді Алаш туын!
Осы ойға Әбдіғапар шын бекініп,
Артқандай жүрегіне міндет-үміт.
Кейкі мен Амангелді түсті есіне,
...Күндер-ай, бірге жүрген, бірге тұрып!
Екі дос бір-біріне жат көрініп,
Шынымен кеткені ме қақ бөлініп?!
Қойған бұл алакүлік саясат қой,
Адамды бір-біріне өкпелі ғып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу