Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  98


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ТӨЛЕГЕНШЕ

Тағдырымен алысқан пенде дертін,
Жылуымен жырымның емдеп еркін.
«Өлең» дейтін өлкеге өрлік етіп,
Өз жүгімді арқалап мен де келдім.
Жүрегімде ғасырлар жарасы бар,
Қабағымда жұртымның наласы бар.
Тамырымда – Әмудің толқындары,
Төлегенін сағынып аласұрар.
Мен шуақпын басылмас табы мүлде,
Ырық бермей өтемін «бәрібірге».
Ақ парақпын Төлеген жырынан соң,
Тамшы сия көрмеген әлі күнге.
Мен самалмын есетін ырғай леппен,
Бұлт нөпірін нөсермін тырдай еткен.
Мен сап-сары сазымын сағыныштың,
Маңдайына қазақтың сыймай кеткен.
Көктемімнің сарғайтса гүлін күз кеп,
Айналама салса егер мұңым тізбек,
Жаратқаннан жұртыма жұмақ тілеп,
Шаһар кезіп кетемін жырымды іздеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу