Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  86


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ТҮНГІ АЯЛДАМА

Тырбың тұрмыстан тынысым тарылып,
Күйбең күндерден көңілім жалығып.
Қараңғылықты қақ жарып қайта,
Түнгі аялдаманы келемін сағынып.
Жіпсіз желкенмен Жер үсті жолығып,
Түпсіз түнектен жүрегім – толы үміт.
Көк аспандағы қалқыған айдың
Аппақ нұрына отырмын шомылып.
Иісін іздеумен сілбі жаңбырдың,
Қара бұлттардың қаласын қаңғырдым.
Кірпік қаққанда, сырғып түсетін
Мөп-мөлдір ғана тамшы-тағдырмын.
Бағын аралап тылсым елестің,
Детке шалдықтым, сағыммен кеңестім.
Бұл түнгі баққа әр күні келіп,
Кезіп тұрмасам, жазылар емеспін.
Келсе кеудеге бұлыңғыр, бөтен күз,
Жатша күнелтіп, жат болып өтерміз.
Тамшы көзбенен бақсақ, ғұмырға
Тарыдай ғана екенбіз.
P.S. Қара түнектің бозарып жанары,
Қалғып қатыгез сағатын санады.
Ауысым тапсырған қарауыл сынды
Қара жабуын әкетіп барады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу