Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  306


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Қайда?

Жаны жомарт, жоқ күнәсі
Қайда сол бір қара бала?
Кеткені ме көп қыр асып
Жас еді ғой жаңа ғана?
Шыққан күннен қуаттанған
Қырдың таза самалындай.
Шертіп қалсаң сыр ақтарған
Домбыраның шанағындай.
Жарқын күліп жүретұғын
Көрінгеннің бәріне дос.
Тек жақсылық білетіні
Қайда барса көңілі хош.
Жаны мөлдір, арманы көп
Қайда сол бір қара бала?
Сөздерінің жалғаны жоқ
Жаны шыншыл дара бала.
Аспан неге аласарды
Қиялды кім әкетті ойдан?
Ашуланшақ қара шалды
Орнына кім әкеп қойған?
Қара бала елге ұнаған
Айналды ма қара шалға?
Тыным тауып, ендігі арман
Жыр жазу ма оңашада?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу