Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  98


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Жұбаныш

Жүректегі жаралар жазылады,
Көп қуаныш сыйлайды таңым әлі.
Өзім сүйген қазақтың арасынан
Маған да бір сүйеніш табылады.
Кетеді әлі көңілдің кірлегені,
Тікенек боп шықпайды гүл дегенім
Жолым болып жатады қайда барсам
Күнде алдымнан шығады іздегенім.
Кек тұтпайды достарым базынамды
Шуақты өлең бұрқырап жазылады.
Өкініштің өртіне шалдықтырмас
Бір жаңа жол алдымнан табылады.
Адам біткен қарайды құрметпенен
Дос түгілі дұшпаннан құрмет көрем.
Адамдар мен кезеңдер ұмтылады
Қақпақ қойып аузыма үндетпеген.
Таңнан таңға бір үміт артылдырып
Жарым менің жүреді жарқын күліп.
Мақтаса деп тұрады басшы біткен
Таныта алмай діңкелеп, салқын қылық.
Қолын қалам, көздерін әріп тескен
Мадақ естіп жүремін әріптестен.
Жалғыздықтан көрмеппін жапа шегіп
Жүрген кезім болмапты қалып көштен.
Меніменен асығып танысқалы
Кеп жатады біреулер алыстағы.
Жұлдыз біткен мені алып нысанаға
Нұрын төгіп жатады ғарыштағы.
Бақытым мен қуантып атақтарым
Саулығыма ағам жүр атап малын.
Көре алмасым береді күнде сәлем
Бір кездері ұмытып тас атқанын.
Мен осылай өсемін тұлғаланып
Қымыз ішіп тұрамын қырға барып.
Ағайын-дос іс қылар ізетпенен
Айтқанымды мақұлдап тыңдап алып.
Мен осылай бақытқа бөленемін
Қамшымды іліп басына керегенің.
... Қиялымды көкке айтып күбірлеген
Ай күледі сыртында тереземнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу