Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  91


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Кідірмедім...

Қара көзің мөлдіреп...
-Кідір. – дедің.
Сәл бөгелдім, мен бірақ кідірмедім.
Кідірсеңші, дегенің қалды есімде
Қара көзің жәудіреп, үніңде мұң.
Кеткеніңді басқамен кешіре алмай,
Кеудемдегі бір отты өшіре алмай
«Кідір» деген сөзіңді ерсі көрдім
Қара күшік «ыр» етті өші бардай.
Кідірсем ғой сонда мен...
Не істер едің?
Ақтарар ма ең сырыңның текшелерін?
Өзегімді өртеген өкінішті
Еске алуға әлі де сескенемін.
не істер едің кідірсем?
не істер едім?
Кідірмедім,
қалмадым, бөгелмедім.
Көргім келмей асылдың көнергенін.
Кідірмедім,
Жалғыздық жанын жесе
Менен артық көргені келер дедім.
Жылдар қандай асығыс, есірмелі
Таңды еске сап мазалар бесін мені.
Кідір, - деп ең мөлдіреп, кідірмедім
Кідірмеді уақыт, кешір мені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу