Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  168


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚОРЛЫҚ

Жеткенсіңдер желпінгенде мәуе тік,
Жел өкпеге желбіреген ауа өтіп.
Жеті бабам басқан таудың тұсына,
Жасыл туннель көшелерге тәу етіп.
Мұрын тершіп, үрлеп қойып кекілді,
Зерттеушілер, келгенсіңдер, не түрлі –
Табамыз деп ауылымнан диалект,
Тақыр жерден шөп іздеген секілді.
Табу керек, түсінем ғой, түсінем,
Сөйлескен жөн сөз іздесең кісімен.
Сонда сені көріп едім ақ нұрым,
Самбырлаған топ адамның ішінен.
Жаралмаған жан екен деп жас боп тек,
Жыр жазғым кеп сұлулығыңды әспеттеп.
Жүргенімде, түсірдің-ау жынымды,
Тар көшеде бәйге атымды мәстек деп.
Көк жайлауда гүл кештірген атымды,
Талай қызды мінгестірген атымды;
Тауда жаяу жүрмес қылған атымды,
Бәйгелерде мың бөстірген атымды,
Жайлау жаздай сөз қылатын атымды,
Жарысқаннан оздыратын атымды;
Той-думанға кез қылатын атымды,
Көкпар шықса, тез қуатын атымды,
Тасқа тұяқ қақпайтұғын атымды,
Қысы-жазы баптайтұғын атымды;
Жеген жемін ақтайтұғын атымды,
Қарт сыншылар мақтайтұғын атымды,
Бау-бақшаны бүлдіретін атымды,
Таңда өзі кеп үлгіретін атымды;
Қылығымен күлдіретін атымды,
Кәдімгідей тіл білетін атымды,
Баурына өт – теппейтұғын атымды,
Бос қойсаң да кетпейтұғын атымды,
Айтқанды екі етпейтұғын атымды,
Жалына қол жетпейтұғын атымды,
Темекіңнен жегіз дейтін атымды,
Жілік майын, тегі, үзбейтін атымды;
Қара жаяу дегізбейтін атымды,
Оқыранып мен іздейтін атымды –
Қорладың-ау қасқа атымды мәстек деп,
Шайтаныма жыр жазам ба әспеттеп?!
Қорладың-ау терлеп тұрған атымды,
Жабыққанда ермек қылған атымды!
Сөйлеттің-ау сөйлемейтін ақынды,
Әй, дегенмен, қыз екенсің ақылды.
Жирен аттың жер бастырмай бір ізін,
Жыр қылушы ем жабыққаннан күн ұзын.
Отқа түсіп кете жаздап отырдым,
Ойсыратып Отарбайдың қымызын.
Мен көргем жоқ мұндай ыстық жазды әлі,
Тамыз деген тамызықша маздады.
Күн нұрына сенің нұрың қосылып,
Біздің ауыл жанып кете жаздады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу