Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  107


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Шәрбәт емес, енді міне мұңайып...

Шәрбәт емес, енді міне мұңайып,
Арақ іштім атағыма лайық.
Ол – бір күміс,
Алтын болып көрінді,
О, Гүлбүбіш, өтті менен бір айып!
Қызды қарғау?! Дәл осынысы үшін мен,
Әлішерге қарсы едім ғой ішімнен.
Бүгін, міне, жалғыз қазақ шығармын,
Ұлы өзбекті бір өзбектей түсінген.
Қараталдың шыбығындай жіңішке,
Қас-қабақпен жетелеп ең ұлы іске.
Сары алтын ең, қас қағымда бұралып,
Айналдың да жүре бердің күміске.
Қазанаттай қабілетім ай барда,
Үкі қадап шығушы еді қайдан да.
Жоңғарға енді не бетіммен барамын,
Қайтіп барам Жалайыр мен Найманға?!
Сорлы басым, құрыдың ғой, құрыдың,
Бір жұлдызға жетпей қойды құрығым.
Өксігенше өлгенім-ақ жақсы еді,
Тұзақ қылып бір сұлудың бұрымын!
Сөз шылбырын есе алатын сан құлаш,
Мен шайыр ем қарсы алатын таңды мас.
Мәулен басты тау ұлының ішінде,
Мен болдым ба қыз сүймейтін қаңғыбас.
Мына әлемге жұлдыздардай көптеген,
Көк төсінен қарайын ба өкпемен?!
Көзің құрсын, сөзің құрсын дедің бе,
Өзге түгіл, өз еліңе өтпеген?
Қызды әспеттеу еді барлық арманым,
Саған жастай өмірді де арнадым.
Айнам, сені, Әлішерді түсініп,
Айнам, сені алғаш рет қарғадым:
Қарғадым мен, қосыла алмай теңіңе,
Пенде қолы тимей қыпша беліңе,
Айнам деген жігітіңнің барлығы,
Айдалада қалдырсын деп сені де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу