Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  108


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ӨКІНІШ. МАНГУ АҒАШЫ

Алдаспан бермек айқаста дәріптеп ерді,
Бастаспақ Бабыр бақилық даңқпен енді –
Жалайыр менен Дулаттың «Кеу-кеулеп» шапқан
Жауынгерлері киелі Гангке келді!
Ақыл да жеңіс, әскери амал да бақыт,
Қарасұр батыр мырс етті самалдап жатып –
(Ахилге ұқсас боп шықты соғыскер пілдер)
Өкіртті ол кеше нешеуін табаннан атып?!
«Бас иген елді бақытты, көрікті қылам», –
Дейтұғын барлас жас Бабыр – бөрікті қыран!
Үндіге қамқа үйдей піл еңкілдеп желген,
Үріккен қойдай дүркіреп бөрікті бұдан.
Тұлпарға мінсең, болмайды жолды алыс деуге,
Құтылу одан жоқ екен қорғаныспен де.
Будданың көзін ақитты қайшылығымен,
Сфинкс Бабыр – басы ақын, жолбарыс кеуде.
Артында қалып асқақ тау, сабырлы дала,
Көбейтті Бабыр әзірге қабірді ғана...
Ауғандық шахты айдарлы аламан басып,
Аспандап түтін – өртенді, шабылды қала.
Маймылды жыныс – храмның бағына мұңды,
Құдайсыз батыр қызыл көз қағына кірді.
Тас құдайлардың күрзімен мұрынын бет қып,
Барластан шыққан Сфинкс тағына мінді.
Шива мен Кришна жарытпай үндіні демеп,
Бұзылды неше құдайдың бірлігі кенет.
Джунгли жырға эпостан батырлар кірді,
Кірді олар енді әлемге тірлігі бөлек –
Пальманы, шайды, папайя, пахтаны көрді,
Жылқы айдап салар жайлауды таппады оңды.
Бананмен жемдеп бақтырды, амалы құрып,
Бадана киген батырлар аттарын енді.
Жылқы жоқ жүрген теңіздей даланы кешіп,
Жат-жұрттықтан бұйырып тәбәрік-несіп,
Шортанбай жырау жек көрген үндінің шайын,
Төрт ғасыр бұрын тартты олар, амалы нешік?!
Шырмауықтанып тартатын гүл-гүлі желі,
Сарайлар қанша нәші үлгі, үлгілі зері?!
Көн шалбар киген көзсіз ер көшпенді жұртқа,
Ақсаңнан дамбал кигізді үндінің жері.
Хиссалар қалды, ел жайлы әңгіме қалды,
Бишілер сазы көрінді әрлі де, нәрлі.
Перідей қыздар арбаған бектермен бірге
Бәңгілер мұнда мангудей мәңгіге қалды.
Дәріптеп, даттап осынау мұңды ғасырды,
Қиқулап тоты, көбейтіп бұлбұл да шуды.
Маймылды, пілді джунгли қоршаған елде
Қарасұр топан сел келіп, құрдымға сіңді.
Үйренді тілін тыңдаумен тоты құстарды,
Көбейтіп бектер жорық жоқ отырыстарды, –
Үндіге сіңбей үйсіннің біразы қайтты,
Біразы қалды. Мангудей өкініш қалды.
Қытайлар көрген үйсінді үнді де көрді,
Үнсіз тұр олар қалдырған бұл күнде белгі...
Кластас досым Аманбол, бәйбішең сенің,
Наргиске неге ұқсайды, білдің бе енді?!
Тартады көшін жетектеп ілгері уақыт,
Күнде бір шығып тұрса күн, күнде бір батып.
Ашоканың ақылын қабыл ап әлем,
Ел-елмен дос боп, есен-сау жүргені – Бақыт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу