Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  189


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ АЙЫ

1.
Жер-ананың жіпсігендей маңдайы,
Бұрынғыдай құрғамайды таңдайы.
Келер жылы тағы қайтып келердей,
«Көріскенше сау болыңдар!» – дегендей,
Өтіп бара жатыр жаздың соңғы айы.
Тас төбеме шығып алып күліп күн,
От құярдай жігеріне жігіттің.
Бүркей алмай тұрғаныммен сезімді,
Көкейімде тұнып жатқан сөзімді
Айтайын деп оқталдым да, ұмыттым.
Амал қанша?
Енді не деп жазайын,
Жоқ нəрсені қайдан ғана қазайын.
Келер жылы тағы қайтып келердей,
«Көріскенше сау болыңдар!» – дегендей,
Өтіп бара жатыр менің жаз айым.
2.
Тамыз айы – жаздың ең алыс айы,
Кел, екеуміз құлындай жарысайық.
Бала кездей армансыз алысайық,
Өтіп бара жатыр ғой август айы.
Сайран дəурен, барлығы қалады ақыр,
Сағыныштан сарғайып дала жатыр.
Қызық күндер сағымдай көлбең қағып,
Жаздың соңғы айы өтіп бара жатыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу